Tesla компаниясы электрлік пикап Cybertruck-ты таныстырды

15:05, 22 қараша 2019

Алматы. 22 қараша. 7kun.kz — Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск Tesla-ның YouTube-каналының эфирінде футуристік дизайны бар Cybertruck электр пикапын таныстырды.

Пикап 2003 жылы құрылған компанияның алтыншы автокөлігі атанды.

Tesla 39,900 доллардан басталатын Cybertruck-тың үш нұсқасын шығарады. Кішісі бір зарядпен 250 мильден астам (402 км), орташасы 300 мильден астам (482 км) қашықтықта жүре алады. 500 мильден (805 км) астам жүру қашықтығы бар үлкен модель 69 900 доллар тұрады. Жүк көтергіштігі 1,6 тоннаға дейін.

Пикап өндірісі 2021 жылы басталады. Қазір Tesla тұтынушыларға алдын ала тапсырыс беру үшін 100 доллар төлеуді және конфигурация параметрлерін өндірістің басталуына дейін аяқтауды ұсынады.

Маск Cybertruck-ты жолаушыларды барынша қорғауды қамтамасыз ететін автомобиль ретінде таныстырды — корпусы мықты тот баспайтын болаттан жасалған, сондай қорытпа SpaceX зымырандары үшін қолданылады. Масктың айтуынша, машина 9 мм калибрлі тапаншадан атылған оққа төтеп бере алады.

Әйнектері компанияның өз технологиясы бойынша брондалған. Tesla компаниясының бас дизайнері Франц фон Холжаусен әйнекке металл доп лақтырған кезде, ол жарылды, бірақ сынған жоқ.

Айта кетейік, Tesla пикаптар нарығында Ford, General Motors және Fiat Chrysler сияқты компаниялармен бәсекеге түседі.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!