Телефон алаяқтары ауылдарға да жетті

09:00, 16 қыркүйек 2019
523

Телефон арқылы адамдарды бопсалап, алаяқтықпен ақша табатындар ауыл тұрғандарын «торауылдай» бастаған. Өткен аптада Алматы облысындағы Саты ауылының екі тұрғынын телефон алаяқтары мазалап, 1 млн теңге ақша талап еткен.

Қайрат есімді ауыл тұрғынының үй телефонына белгісіз біреу қоңырау шалып «Алматы қаласындағы әскери оқу орнында оқитын ұлының ұстағалғанын, істі түрмеге жеткізбей шығару үшін 1 млн теңге аудару керегін» айтқан. Үрейленген ата-ана оқу орнына қоңырау шалып, жағдайды анықтамақ болған кезде ұлының өзі хабарласып қалып, алаяқтардың ісі екенін білген.

Тура сол күні Ш.есімді ауыл тұрғынының үй телефонына қоңырау шалып, ұлының есірткімен ұсталғанын, істі түрмеге жеткізбей шығару үшін 1 млн теңге, егер дәл қазір шешкісі келсе 300 мың теңгені 87763057952 нөміріне салу керегін айтқан. Алайда бұл жолы да алаяқтардың дегені бола қоймады. Ауыл тұрғыны ұлына қоңырау шалып, қоңырау алаяқтардың ісі екенін білген. Алайда қоңырау шалғандар мұнымен тоқтамай, ертеңінде тағы да хабарласып, екінші ұлының атын атап, соны тауып беру керегін айтқан. Сөз арасында «кешегі ақшаны қашан саласың?», — деп қоқан-лоққы көрсеткен.

Тура осындай жағдай 3 ай бұрын Болат есімді Қарабұлақ ауылының тұрғынының басынан өтіпті. Қоңырау шалған белгісіз біреу әскердегі ұлының төбелесіп, біреуді өлтіріп қойғанын, мәселені шешу үшін жедел ақша салу керегін айтқан. Үрейленіп кеткен тұрғын айтқан нөмірге 30 мың теңге аударған. Алайда кейін әскери бөлімге хабарласып, жалған ақпарат екенін білген. Оқиға кезінде Алматы қаласының тұрғыны болғандықтан, полицияға шағым түсірмеген.

Ауыл тұрғындарының үшеуі де «алаяқтар қазақ тілінде сөйлеп, «ұсталды» деген балаларымыздың аты-жөнін, қайда оқып, жұмыс істейтінін анық айтты. Тіпті біздің тұрмыс-тіршілігімізден хабардар сияқты», — дейді.

Алайда тұрғындар болған оқиға туралы арыз жазбаған. Себебі — аудан орталығы шалғай, учаскелік полиция демалыста екен. Ал оның орнындағы уақытша учаскелік инспектор келіп түсінік алғанымен, арыз жазуды сұрамаған.

Тұрғындар болса «материалдық шығынымыз жоқ, алайда жүйкеміз жұқарып, қан қысымымыз көтерілді. Үш-төрт күн өтсе де үрейміз басылар емес. Алаяқтықтың мұндай түрі барын біз сияқты қарапайым ауыл адамдарына ескерту керек. Өйткені бұрын мұндайды көрмеген адам үрейге бой алдырып, алаяқтардың дегеніне көнуі мүмкін. Сондықтан полиция телефон алаяқтарымен күреске немқұрайлы қарамаса екен», — дейді телефон «террористеріне» алдана жаздаған тұрғындар.

Бұл оқиға туралы Фейсбукте журналист Ербол Азанбек жазған еді. Жазбаның астына пікір қалдырған Алматы облыстық ІІБ бастығы Мұрат Ұрымханов облыс тұрғындары мұндай жағдайға тап болса ішкі істер органдарына хабарласуды сұраған.

«Құрметті, Алматы облысының тұрғындары!
Егер осындай жағдай орын алса, белгісіз тұлғалар хабарласып, қаржы аударуды талап етсе, сабырлылық танытып, жергілікті ішкі істер органдарына хабар берулеріңізді сұраймын!», — деп жазды облыстық ІІБ бастығы.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!