Сыртқы нарықтағы оң серпін ішкі валюта нарығына тұрақтандырушы әсер етті

10:59, 16 қаңтар 2018

Алматы. 16 қаңтар. 7kun.kz – Сыртқы нарықтағы оң серпін ішкі валюта нарығына тұрақтандырушы әсер етті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша теңге 0,3 пайызға нығайды және 2018 жылы нығаюын жалғастырады. Бұл жөнінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

12 қаңтардағы сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге жылдың басынан бері 0,8 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 329,67 теңге болды (15 қаңтардағы сауда-саттық қорытындысы бойынша, теңге бекінісі АҚШ долларына қатысты 0,9 пайыз болып, бір АҚШ доллары үшін 329,11 теңге болды).

«Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері алдын ала деректер бойынша бір жылда 4,7 пайыз немесе 1,4 млрд АҚШ долларына өсіп, 31,1 млрд АҚШ доллары болды. Ұлттық қордың валюталық активтері 57,7 млрд АҚШ долларына немесе 5,7 пайызға жетті. Елдің халықаралық резервтерінің жиынтығы 88,8 млрд АҚШ доллары болды», – деді қаржы реттеушісінің басшысы.

Сондай-ақ, ақша нарығында көбіне Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарды шығаруы арқылы алынатын артық өтімділік сақталады. 2018 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлттық банктің ақша нарығындағы өтімділікті таза алуы 2,9 трлн теңге.

«Айналыстағы қысқа мерзімді ноттардың көлемі 2018 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша, жылдың басынан 18 пайызға ұлғайып, 3,7 трлн теңге болды. Ноттар бойынша кірістілік қаңтарда мерзімділігіне қарай 9,19-9,34 пайыз аралығында қалыптасты. TONIA мөлшерлемесі базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің төмен шегіне жақындады. 2018 жылғы 12 қаңтардағы жағдай бойынша ол 9,27 пайыз болды», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Қорытындылай келе, ол ақша-кредит талаптарының бейтарап деңгейде сақталатынын атап өтті: «Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі нақты көрсетуде инфляция бойынша 2018 жылға арналған нысаналы бағдарға (5-7 пайыз) қол жеткізуді қамтамасыз етеді және экономиканың ұзақ мерзімді әлеуетті өсуіне сәйкес келеді».

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!