ШОБ өнімін шығару көлемі 26 трлн теңгеден асты

17:06, 22 мамыр 2019
397

Алматы. 22 мамыр. 7kun.kz – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың төрт жылында республикалық бюджеттен 210,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов мәлімдеді.

Вице-министрдің хабарлауынша, бұл қаражат 13 мың ШОБ субъектілерін қаржыландыруға, жыл сайын орта есеппен 20 мың кәсіпкерді оқытуға, 10 мың жұмыс орнын құруға, 3,3 трлн теңгеге өнім өндіруге мүмкіндік берді. Төленетін салық сомасы жыл сайын 175 млрд теңгені құрады.

«Жалпы, бағдарламаны іске асырудың төрт жылында республикалық және жергілікті бюджеттерден 247,1 млрд теңге көлемінде 13 380 жобаға қолдау көрсетілді», — деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Бөлінген қаражаттың басым бөлігі несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды (126 млрд теңгесі немесе барлық соманың 60,1%). 53 млрд теңгесі немесе 25,2% фабрикаларға, зауыттарға және ШОБ өндірістік нысандарына жеткіліксіз инфрақұрылымды жүргізуге бағытталды. Қалған бөлігі несиелерді кепілдендіруге, гранттар ұсынуға, кәсіпкерлерді оқытуға және оларға кеңес беру қызметтеріне жұмсалды. Бағдарлама тетіктеріне сұраныс өте жоғары.

Жалпы шаралар нәтижесінде ШОБ-тың экономикадағы маңызы артты. Мәселен, 2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9% құраса, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 28,3% болды. 2015 жылмен салыстырғанда, шағын және орта кәсіпкерлердің ел экономикасына қатысуы 3,4  пайыздық пунктке жоғарлады.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ-тың өнімдер шығару көлемі 26 трлн теңгеден асты. Бұл ретте, өнім шығару құрылымының бестен бір бөлігі өнеркәсіптің үлесіне тиесілі. Сондай-ақ, 2018 жылы елімізде өндіріс өсімі 2015 жылғы деңгейден нақты мәнінде 114% (немесе 26,5 трлн теңгені) құрады. Ал 2019 жылы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,2 млн бірлікті құрады. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 8,3%-ға артты», — деп түсіндірді Ермек Алпысов.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика вице-министрі 2019 жылдың І тоқсанындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қорытындылары туралы хабардар етті. Осы кезеңде барлығы 715 жобаға қолдау көрсетілді.

Жергілікті атқарушы органдар конкурстық рәсімдер қорытындылары бойынша жылдың екінші жартысында гранттар бере бастайды. 2019 жылы 15 инфрақұрылымдық жоба бойынша 7,3 млрд теңге қарастырылған.


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!