Шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елордалық кішкентай шахматшылармен кездесті

10:42, 18 қаңтар 2022

Жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева Елордаға келді. Гроссмейстер Нұр-Сұлтан қаласының кішкентай шахматшыларымен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын көрсетті.


Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион атанған спортшыны кеше әуежайдан ҚР МСП Спорт комитеті, Қазақстан шахмат федерациясы өкілдері, жанкүйерлері, жас шахматшылар күтіп алған болатын. Бибісара 25-30 желтоқсан аралығында Польшадағы чемпионатқа қатысып, ел абыройын асқақтатты.

«Варшава қаласындағы турнир 5 күнге жалғасты. Рапидтен екінші орын, блицтен бірінші орынға қол жеткіздім. Бұл жарысқа өте тыңғылықты дайындалдым. Бұған дейінгі ең жоғарғы жетістігім 13 жасымда рапидтен 10-орын алғаным еді. Жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның гимні ойнағанда ерекше мақтаныш сезімінде болдым. Қазақстандық жанкүйерлердің қолдап жатқанына өте қуаныштымын», — деп алғысын білдірді әлем чемпионы.


Қазақстан шахмат федерациясы өкілдері отандық жас шахматшыларды Бибісараның жеңісі жігерлендіретінін айтып отыр. Оның үстіне осы жас буынның арасынан мықты спортшылардың жоғары нәтиже көрсету тенденциясы Қазақстанда ерекше байқалады.


«Бибісараның жеңісін әлемдік рекорд деуге болады. Өйткені ол әзірге әлемнің ең жас чемпионы. Ересектер арасында енді Қазақстанда да чемпион бар. Бұл жас буын үшін алға ұмтылуға себеп болады. Бибісараның келешекте бұдан да үздік нәтижелер көрсетуіне потенциалы бар. Жалпы, 2021 жыл Қазақстанның шахмат спорты үшін өте сәтті аяқталды. 9 жыл бойы гроссмейстер шықпап еді, міне, биыл екі спортшымыз гроссмейстер атанды. Сочидағы әлем кубогында жақсы жетістіктерге жеттік, Олимпиада ойындарында құрама 8-орын алды. Қазақстанда 10 мың бала шахматпен айналысады, үмітіміз сол жастарда», — деді Руслан Ысқақов.

Мысалы, 10 жасқа дейінгі балалар арасында Қазақстан чемпионы болған Аяру Алтынбек Бибісараның жетістігін қайталағысы келеді.

«Мен бұған дейін Астананың 3 дүркін жеңімпазы болдым. Азия чемпионатында 2-орын алдым. Бүгін Бибісараны күтіп алып, таныстым. Онымен кездескеніме қатты қуаныштымын. Мен де Бибісары сияқты әлем чемпионы атанғым келеді», — дейді кішкентай шахматшы.


Рапид және блицтен әлем чемпионаты (FIDE World Rapid and Blitz ) — спорт жанкүйерлерінің көпшілігі үшін шахмат күнтізбесіндегі ең сүйікті және асыға күтетін оқиғалардың бірі. 2021 жылы ауқымды шараға 50 елден 200-ге жуық спортшы – әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, қазіргі ел чемпиондары және әлемнің рейтингі жоғары шахматшылары қатысты.


Бұған дейін Асаубаева классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!