Шағын және орта бизнеске 18 млн теңгеге дейін несие беріледі

13:09, 27 наурыз 2017

Өнімді жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шағын несиелер 7 жылға 18 млн теңгеге дейін беріледі.

Түпкілікті сыйақы ставкасы 6 пайызды құрайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мәжілістегі Үкіметтік сағатта айтты.

«Бағдарлама кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға, өз ісін дөңгелетуді ауылдық жерде ашуға жағдай жасайды. Бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру үшін  шағын несиелеу көлемі  кеңейтілді. Мемлекет тарапынан  кепілдендіру мүмкіндігі берілді», – деді Т.Сүлейменов.

Оның айтуынша, аталмыш шаралар қаржыландыру тапшылығы мен ауылдық жерде қамсыздандыру  проблемаларын шешуге бағытталған.

«Бағдарлама аясында шағын несиелер 8 мың АЕК (18 млн теңге) көлемінде 7 жылға  беріледі. Түпкілікті сыйақы ставкасы 6 пайызды құрайды. Несиелеу нарығында  шағын несие құны  22 пайыздан 35 пайызды құрайтынын ескерсек, бағдарлама аясындағы несие бизнес жобаны жүзеге асыруда әлдеқайда тиімді болып табылады. Қалаларда шағын несиелер «Даму» АҚ, ауылдық жерлерде «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ арқылы беріледі», – деді министр.

Айта кетейік, елдегі экономикалық белсенді халық 8,9 млн адамды құрайды. Олардың ішінде 6,3 млн адам жалдамалы жұмыскерлер, 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 447 мың адам жұмыссыз халық.

Ел халқының жалпы санының 3 миллионнан астамы шағын және орта бизнес секторында жұмыспен қамтылған. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,1 млн бірлікті құрады. Олар 9 айда 11,2 трлн теңге сомаға өнім шығарды.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!