Семейдегі зауыт темір бетон бұйымдарының 465 түрін шығарады

22:30, 18 тамыз 2017

Семейдегі темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыт Индустриялды картаға сәйкес ашылған. Қазір кәсіпорын «Нұрлы жол» мен «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарға қажетті құрылыс материалдарын шығарып жатыр. 

Демек, отандық өнімге тапсырыс бар, жұмыс қарқыны жақсы. Жылда қуатын арттырып, жаңадан жұмыс орындары ашылып отыр. Әсіресе жас мамандарға жол ашық. 

Анна Котова Семейдегі құрылыс колледжін тәмамдап, темір бетон бұйымдарын шығаратын зауытта тәжірибеден өткен. Жас маман іскерлгімен көзге түсіп, осында жұмысқа қабылданыпты.

Анна Котова, жас маман:

-Колледж бітіріп, жұмысқа тұрғаныма 6 ай болды. Алғашқыда қиындау болғанмен, ұжымдағы тәжірибелі мамандар білмегенімді үйретіп, ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Қазір ысылып қалдым, өйткені құрылыс материалдарының сапасын бақылау – өте жауапты жұмыс.

Италиялық қондырғылар өнімнің сапасын жоғары ұстауға кепілдік береді. Жас мамандар шетелдік құрал-жабдықтың қыр-сырын әбден меңгерген. Бір жыл бұрын мұнда 78 адам еңбек етсе, қазір олардың саны 104-ке жетіпті. 

Қанат Ботабеков, зауыттың өндіріс басшысы:

-Құрылыс колледжімен келісімшартымыз бар. Олардан бізге студенттер келіп тұрады. Бүгінгі күні көпірлі кран машинисі,  инженерлерді өзіміз үйретіп, келешекте өзімізге жұмысқа қалтырамыз ба деген ойымыз бар.

Отандық сапалы өнімдер Шығыс Қазақстан облысындағы ғана емес, көршілес Павлодар облысындағы әлеуметтік нысандар құрылысына жөнелтіліп жатыр. Қазір кәсіпорында темір бетон бұйымдарының 465 түрі шығарылады. Жыл соңына дейін тағы 10 шақты жаңа өнім шығарып, тағы 20 адамға жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!