Самұрық-Қазына: Трансформация пандемия кезінде тұрақтылығын паш етті

15:42, 27 тамыз 2020
2966

 «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрландыру және трансформациялау жөніндегі басқарушы директоры Дәурен Керейбаевтың қатысуымен өткен онлайн брифингте цифрлық трансформациясының жаңартылған бағдарламасы аясында атқарылған ауқымды істер әңгіме өзегіне айналды. Басқарушы директордың айтуынша, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрлық трансформациясының жаңартылған бағдарламасы пандемиялық дағдарыс кезінде өзінің тұрақтылық танытып, оң нәтиже көрсете білген.  

Еліміз пандемиямен бетпе-бет келген сәтте цифрландырудың сәтті тәжірибесінің арқасында «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардағы 20 мыңнан астам әкімшілік қызметкерді бір уақытта қашықтан жұмыс істеуге көшіріп, өнімділік пен нәтижеге ешбір кері әсер тимеген. Бұл компаниялар тобындағы жалпы қызметкерлердің 84%-ын құрайды. 

Шара барысында, Д.Керейбаев тұжырымдаманың жаңартылу барысында берген нәтижелеріне тереңірек тоқталып өтті. Оның сөзінше, трансформация бағдарламасы басқарушылық және өндірістік процестерді қайта құру мен жетілдіруге тікелей бағытталған. Ауқымды істерді атқару барысында компаниялардың негізгі бизнесі, адамдарды дамыту және қауіпсіздік, оның ішінде ақпараттық технологиялар саласындағы жобаларға ерекше назар аударылған-ды.

Қашан да, ілкімді істерді атқаруда алда келе жатқан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобындағы трансформация жобаларын іске асырудан түскен таза пайда 29 млрд. теңгені құрап отырғандығы – зор жетістік. Айта кету керек, бұл ағымдағы жылдың ғана көрсеткіші.

« 2020-2024 жылдар аралдығында  біз трансформациядан 130 млрд теңге таза пайда табуды көздеп отырмыз. Трансформация – бұл біздің портфельдік компаниялардың бизнесін одан әрі жандандыра түсудің тұрақты процесі. Бұған процестерді оңтайландыру, технологиялықөзгерістер және инновациялық шешімдер арқылы жүзеге асырып келеміз. Тәжірибе жинақтау арқылы олардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі күн санап арта түсетіндігі сөзсіз», – деді Д. Керейбаев.

Дәурен Керейбаев бүгінгі күні Қордың салыстырмалы әдіс бойынша пайданы есептеуден бас тартқанын айта келе, енді әр жобаның қаржылық-экономикалық моделі жасалатындығын атап көрсетті. Бұл тұрғыда экономикалық модель компания мен нарықтың барлық ерекшеліктерін ескере отырып, қаржы-экономикалық блокпен тексеріледі және есептеулер келісілгеннен кейін ғана компанияның бизнес-жоспарына енгізіледі. Бұл алдағы уақытта өз нәтижесін беретіні сөзсіз.

Сонымен қатар, шара аясында басқарушы директор 2019 жылдың қорытындысын тілге тиек етті. 

Оның сөзінше  «Қазатомөнеркәсіп», «ҚТЖ», «ҚМГ», «Қазпочта», «Самұрық-Энерго» және «KEGOC»  компанияларында барлығы 149 жоба мен іс-шара өткізілген. Нақты таза пайда 2018 жылы — 28 млрд теңгені, 2019 жылы — 69 млрд теңгені құрап отыр. 

Екі бүйірден қысқан дағдарысқа, көптеген іске кері әсерін тигізген пандемия залалына қарамастан, мұндай зор жетістікке жету «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның заман талабына сай жүйелі жұмыс жүргізе білуінің нәтижесі екендігі сөзсіз.

Бүгінгі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында жұмысты бір сарында жалғастыру зор табыс әкелмесі көпке аян. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жаңа шешімдерді үнемі іздеу механизмін енгізе отырып, өз жұмысын күн санап жаңғыртып отыр. Қазіргі уақытта Қордың портфельдік компаниялары 50-ден астам жаңа идеялар мен бастамаларды қарастыруда. Атап айтар болсақ, «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің қатысуымен кеңейтілген отырыс кезінде цифрлық трансформация бағдарламасына қатысушылардың периметрі алты компанияға дейін артқан. 

Бұл өз кезегінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның заман талабына сай жұмыс жүргізе отырып, осындай қиын-қыстау кезеңде елді тығырықтан алып шығуға зор үлес қоса беретіндігін дәлелдей түспек. 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!