«Самұрық-Қазына» Қостанай облысына спорт кешенін салып береді

12:40, 16 қыркүйек 2022
5310

«Самұрық-Қазына» АҚ Әулиекөл ауданы Аманқарағай кентінде жалпы ауданы 1601,40 шаршы метр дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып береді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.

Қор компаниялары тобы атынан қайырымдылықпен айналысатын «Samruk-Kazyna Trust» қорының бастамашыл жобасы аясында салынатын кешенде 100 көрерменге арналған орындықтар, спорттық ойын түрлері, күрес және жаттығу залдары, киім шешетін және жуыну бөлмелері де бар.

Ұлттық холдинг басшысы қазақстандықтардың салауатты өмір салтын ұстануына және дене шынықтыру мен спортпен күнделікті айналысуына қажетті жағдай жасау компанияның бірқатар қайырымдылық жобаларының міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Бұл спорт кешені спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 2400 адамға дейін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қор басшысы.

Сондай-ақ, оның айтуынша компаниялар тобының қайырымдылық қызметі аясында Қостанай облысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жұмыс істеп жатыр. Қыркүйек айының соңына дейін пойыз дәрігерлері келесі станциялардың тұрғындарын қабылдайды: Сарыкөл, Жаркөл, Тоғызақ, Зааятская, Қазанбасы, Қойбағор, Ковыльная, Тасты-Талды, Фурмановский.

«Жеңіс» жобасы аясында өңірде Ұлттық еріктілер желісінің еріктілері өз жұмыстарын жүзеге асыруда. Олар Қостанай облысында тұратын әрбір соғыс ардагері мен тыл еңбеккеріне барып, азық-түлік себеттерімен және бірінші кезекте қажетті заттармен қамтамасыз етеді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!