Рубль қатты құлдырайды. АҚШ Ресейге қарсы санкция топтамасын жариялады

10:53, 5 наурыз 2021
4688

© Сурет: rambler.ru

АҚШ пен Ұлыбритания Ресейге қарсы жаңа санкциялар топтамасын дайындап, оның ішінде олигархтарға қарсы жекелеген санкциялар мен Ресей үкіметінің қарызына қатысты шектеулерді кеңейту туралы келіссөздер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.

Осы жаңалықтың шеті шыға сала, рубль бағамы құлдырай жөнелді, деп жазады Bloomberg.

 

Ұлыбритания алдағы апталарда еуропалық одақтастарымен бірге, бірінші кезекте Германиямен және Франциямен Ресейге қарсы жаңа санкцияларды талқылайтын болады. Сонымен бірге Ұлыбритания АҚШ-пен келісілген іс-қимылдарды талқылап жатыр. Егер Ресей Алексей Навальныйдың улануына қатысты тергеуде ынтымақтастықтан бас тартса, онда жаңа санкциялар қолданылатын болады.

 

АҚШ-тың жаңа санкциялары 1991 жылғы CBW актіге сәйкес, химиялық және биологиялық қаруға тыйым салу жөніндегі екінші шаралар пакетінің бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Бірақ тек бұл ғана емес. АҚШ Магнитский заңы бойынша санкциялар тізіміне жаңа ресейлік олигархтардың аты-жөнін қосуды қарастыруда, деп хабарлайды Bloomberg дереккөзі.

Бірақ бәрі осымен бітпейді.

 

Егер Ресейдің химиялық қаруды қолдануға салынған халықаралық тыйымды тағы да өрескел бұзғаны анықталса, АҚШ президенті Джо Байден Ресейдің ұлттық қарызына қатысты санкцияларды кеңейту туралы ойланатын болады, егер мұны Еуропамен ақылдасып, келісе жасау мүмкін болса, деп жазады агенттік ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып.

 

Бұл арада Навальныйдың улану оқиғасындағы жаңа дәлелдер базасы туралы немесе химиялық қаруды қолданудың жаңа фактілері туралы болып отыр ма, бұл жағы әлі толық түсініксіз. Навальныйдың улануын тексерген Bellingcat тобы оппозиция өкілін улаушылар басқа да адамдарды, соның ішінде америкалық Магнитский заңының негізгі лоббистерінің бірі Владимир Кара-Мурзаныда аңдып, ізіне түскені туралы ақпарат жариялады.

CBW Заңы Америка Құрама Штаттарының Президентіне америкалық компаниялардың химиялық қаруға тыйым салу туралы келісімді бұзған мемлекетке несие беруге толық тыйым салуға мүмкіндік береді.

Бұл америкалық (және барлық басқа батыстық) инвесторларды автоматты түрде Ресей үкіметінің қарыздарының кез-келген жаңа бағалы қағазын сатып алудан және OFZ екінші нарығына қатысудан шеттетеді. Заң бойынша санкциялардың екінші пакеті 2021 жылдың маусым айының басында енгізілуі керек.

 

2018 жылы сол кездегі қаржы министрі Стивен Мнучин мұндай қатал шара және Ресейдің ықтимал жауабы АҚШ үкіметінің қарыз нарығын тұрақсыздандыруы мүмкін екенін ескерткен, деп еске алады Bloomberg. Бірақ содан бері Ресейдің Қаржы министрлігі өзінің портфеліндегі АҚШ мемлекеттік облигацияларының үлесін азайтты, енді оның теріс әсерінен болатын салдар көлемі көп болмайды, - дейді агенттіктің сұхбаттасушылары.

 

Осындай көзқарасты Обама кезіндегі АҚШ қаржы министрлігінің санкциялармен айналысқан бұрынғы шендісі, бүгіндері, яғни Байденнің тұсында Ұлттық қауіпсіздік кеңесі басшысының орынбасары болған Далип Сингх та қолдайды. 2019 жылы Сингх конгресстегі тыңдалым кезінде Ресейдің ұлттық қарызына қарсы санкцияларды жақтады, деп еске алады Bloomberg.

Міне, осындай жаңалықтардан соң халықаралық валюта нарығында долларға шаққандағы рубль бағамы бар-жоғы бірнеше минут ішінде 73,9-дан 74,9 рубльға қымбаттады.


 

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір