Ресеймен шекараны жабудың еш мән-мағынасы жоқ – экономист

20:07, 23 қыркүйек 2022

Бұл туралы 7kun.kz тілшісіне берген сұхбатта белгілі экономист Айдархан Құсайынов айтты.

21 қыркүйек Владимир Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялап, Батысты ядролық қарумен қорқытқаны сол-ақ еді, ақпаннан бері үнсіз отырған ресейліктер Қазақстанға ағыла бастады. Санаулы күнде аталған елден келгендер саны 20% артса, шекарада кезек күткендер әлі қаншама. Бұл ретте Ресеймен шекараны жабу туралы ұсыныстар айтылуда. Осы ұсыныстың орындылығы туралы белгілі экономист Айдархан Құсайынов 7kun.kz тілшісіне берген сұхбатта айтты.

— Айдархан Маратұлы, бүгінде халық талқысына түсіп жатқан өзекті тақырып ресейліктердің Қазақстанға көшуі. Қазақстан үшін қандай экономикалық қауіп-қатер бар? 

— Бұдан бізге зиян ештеңе жоқ. Қазақстанға келіп жатқанның көбі қалталы азаматтар. Олар елімізге келеді, сауда жасайды, қызметтерді пайдаланады, экономикамызға қомақты қаражат қалдырады. Бұл уақытша жағдай. Естеріңізде болар, ақпанда Ресейде түрлі сайттардың қызметі шектелгенде осыған ұқсас оқиғалар болған. Қаншама IT-маман Қазақстанға көшті. Бір-екі апта елімізде өмір сүрді де, бұл еш мән-мағынасыз тірлік екенін түсініп, қайта елдеріне көшті. Бұл жолы да солай болады.

— Қазір бірқатар сарапшылар шекараны жабу керек деген пікір айтуда. Шекараны жабу Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?

— Қазақстан Ресей азаматтары үшін шекараны жаппайды. Себебі Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз. Қос ел арасындағы сауда айналымы үлкен. Шекараны жабуға еш негіз жоқ.

— Осы туралы толығырақ айтыңызшы. Қос ел арасындағы сауда айналымы өзгерді емес пе?

— Қазір логистикалық ағындар ғана өзгерді. Көп тауар бұрын Еуропадан Ресейге, тек одан кейін Қазақстанға келетін, ал қазір Еуропадан Қазақстанға, кейін Ресейге тасымалданады. Тауар айналымы өзгерді. Оның экономикаға айтарлықтай әсері жоқ. Егер бұрын тауарлар Ресейде кедендік рәсімдеуден өтіп, кейін ЕАЭО кеңістігіне жіберілсе, қазір олар Қазақстанда кедендік рәсімдеуден өтіп, ары қарай бағытталады.

— Қазір болып жатқан жағдайдан Қазақстан экономикалық тұрғыда бір нәрсе ұтады ма?

— Меніңше, маңызды ештеңе ұтпайды. Тек ситуациялық тұрғыда ғана. Бірақ аса маңызды ештеңе жоқ. Логистикалық ағынның өзгеруіне байланысты отандық көлік компанияларына жұмыс жүктемесі артты және т.б. Бірақ экономика үшін түбегейлі ештеңе өзгерген жоқ. Жағдай нашарлаған жоқ, жақсарған да жоқ.

— Қазір көп адам ресейліктердің Қазақстанға келу ағыны күрт артқандықтан елдегі тұрғын үй және азық-түлік бағасы көтерілді деп жатыр. Кейбір сарапшылар ресейліктер инфляцияны импорттады деп айтуда. Сіздің ойыңыз қалай?

— Жоқ, бұл бос сөз. Себебі біздің елде осы арнайы әскери операцияға дейін де инфляция қарқыны жылдам болды және ол әрқашан жүйелі түрде жоғарылап отырды. Бұл біздің ішкі мәселемізге байланысты, ресейліктердің ағыны бұған әсер етпейді. Бұл экономикалық саясаттың барлық қателіктерін ресейліктердің келуіне жаба салу деп ойлаймын. Бұрын алыпсатарлар кінәлі болса, енді мәне ресейліктер кінәлі деген сылтау айтылуда. Бұрын біздегілер Ресейде инфляция жоғары, салдарынан бізде де жоғары, көрші елдегі жағдай әсер етуде деп айтатын. Енді оларда инфляция тұрақталды, басқа айтатын сылтау болмаған соң ресейліктер инфляция импорттауда деген болжамдар ойлап табуда. Бізде инфляция оларсыз да жоғары. Бұл ақша-кредиттік саясаттың дұрыс жүргізілмеуінің салдары. Оған Ресейдің қатысы жоқ.

— Яғни, ресейліктердің ағынынан Қазақстан экономикасына әзірге зиян келмей ме?

— Мүлдем зиян жоқ. Енді Ресейдегі инфляция жыл соңында біздегіден аз болады. Соңғы жарты жылда оларда баға өскен жоқ. Ресейде баға тек наурызда бір рет көтерілді. Содан бері оларда жағдай тұрақталып, қазір бағалар төмендеуде.

— Ал біздегі инфляцияны бәсеңдету үшін не істеуге болады?

— Бізге қаржы-несие саясатын түбегейлі өзгерту керек, оны қатаңдату керек, базалық мөлшерлемені 20%-ға жоғарылату керек. Бұған Ресей жақсы мысал бола алады. Наурызда олардың көрсеткіші 20%-ға дейін күрт көтерілгенде барлығы шошыды. Ал екі айдан кейін олар бұл мөлшерлемені күрт төмендетті. Қазір онда бағалар біздегіден тиімді, ал инфляция Қазақстандағыдан төмен. Бұл дұрыс жүргізілген ақша-несие саясатының нәтижесі. Бастысы инфляцияны төмендетсек, қалғанының бәрін реттеуге болады. Ал бізде бұл қолға алынбай келеді…

— Бізде базалық мөлшерлемені жоғары деңгейге көтеруге не кедергі?

— Экономикалық түсінік, саяси ерік-жігер мен елдің бұрмаланған экономикалық саясаты кедергі. Себебі бізде валюта бағамының проблемалары басты мәселе ретінде талқыланып, оны түзетуге тырысады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!