«Ресеймен шекараны жабудың еш мән-мағынасы жоқ» – экономист

19:45, 23 қыркүйек 2022

Алматы. 23 қыркүйек. 7kun.kz – Белгілі қазақстандық экономист Айдархан Құсайынов қазір Ресейдегі мобилизация саясатының Қазақстанға экономикалық тұрғыдағы әсері туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, ресейліктердің Қазақстанға күрт ағыны экономикаға кері әсерін тигізбейді. Сондай-ақ экономист инфляцияны бәсеңдету жолдарын көрсетіп, елдің қаржы саясатына тоқталды.

— 21 қыркүйек Ресей Президенті Пуниттің мобилизация туралы құжатқа қол қойғаннан кейін ресейліктер елімізге ағыла бастады. Бұл туралы не ойлайсыз?

— Бұдан бізге зиян ештеңе жоқ. Келіп жатқанның көбі қалталы азаматтар. Олар елімізге келеді, сауда жасайды, қызметтерді пайдаланады, ақша қалдырады. Бұл ситуативный жағдай. Естеріңізде болар, ақпанда Ресейде түрлі сайттардың қызметі шектелгенде осыған ұқсас жағдай болған. Қаншама IT-маман Қазақстанға көшті. Бір-екі апта елімізе өмір сүрді де, бұл еш мәнсіз тірлік екенін түсініп, қайта елдеріне көшті. Бұл жолы да солай болады.

— Қазір бірқатар сарапшылар шекараны жабу керек деген пікір айтуда. Шекараны жабу Қазақстан экономиканыса қалай әсер етеді?

— Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктесі екенін айтпағанда, мұндай пікір мағынасыз. Шекараны жабудың еш қажеті жоқ.

— Ресей азаматтары келісімен елде көптеген тауарлар, қызметтер, тұрғын үй бағасы қымбаттайды. Олар Ресейден инфляция импорттайды немесе алып келеді деген пікір бар. Бұған қалай қарайсыз?

— Бұл сылтау. Бұрын біздегілер Ресейде инфляция жоғары, салдарынан бізде де жоғары, көрші елдегі жағдай әсер етуде деп айтатын. Енді оларда инфляция тұрақталды, басқа айтатын сылтау болмаған соң ресейліктер инфляция импорттауда деген болжамдар ойлап табуда. Бізде инфляция оларсыз да жоғары. Бұл ақша-кредиттік саясаттың дұрыс жүргізілмеуінің салдары. Оған Ресейдің қатысы жоқ.

— Қос ел арасындағы сауда айналымы өзгерді. Қазір Қазақстан транзиттік мемлекетке айналды. Бұрын бізге Ресейден тауар келсе, қазір Қазақстаннан Ресейге жөнелтіледі. Бұған қатысты не ойлайсыз?

— Қазір логистикалық ағындар өзгерді. Көп позицияда тауардың бәрі бірдей, тек бұрын Еуропа-Ресей-Қазақстан, ал қазір Еуропа-Қазақстан-Ресей деп тауар айналымы өзгерді. Бұл тек логистикалық ағындардың бағытының өзгеруі. Оның экономикаға әсері жоқ. Егер бұрын тауарлар Ресейде кедендік рәсімдеуден өтіп, кейін ЕАЭО кеңістігінде жіберілсе, қазір олар Қазақстанға кедендік рәсімдеуден өтіп, ары қарай бағытталуда. Экономикалық тұрғыда біздің елге бұдан келіп-кетіп жатқаны шамалы.

— Қазір болып жатқан осы жағдайдан Қазақстан экономикалық тұрғыда бір нәрсе ұтады ма? Біз үшін артықшылықтар бар ма?

— Меніңше, маңызды ештеңе жоқ. Тек ситуациялық тұрғыда ғана. Бірақ аса маңызды ештеңе жоқ. Логистикалық ағынның өзгеруіне байланысты отандық көлік компаниялары көбірек жұмыс жүктемесін алды және т.б. Бірақ экономика үшін түбегейлі ештеңе өзгерген жоқ. Жағдай нашарлаған жоқ, жақсарған да жоқ.

— Инфляцияны бәсеңдету үшін не істеуге болады?

— Бізге несие саясатын түбегейлі өзгерту керек, оны қатаңдату керек, базалық мөлшерлемені жиырма пайыздан жоғарылату керек. Бұған Ресей жақсы мысал бола алады. Наурызда олардың көрсеткіші жиырма пайызға дейін күрт көтерілгенде барлығы шошыды. Ал екі айдан кейін олар бұл мөлшерлемені күрт төмендетті. Қазір онда бағалар біздегіден жақсы, ал инфляция Қазақстандағыдан төмен. Бұл дұрыс ақша-несие саясаты. Бастысы инфляцияны төмендетсек, қалғанының бәрін реттеуге болады. Ал бізде мұны қолға алмайды…

— Бізде базалық мөлшерлемені жоғары деңгейге көтеруге не кедергі?

— Экономикалық түсінік, саяси ерік-жігер мен елдің бұрмаланған экономикалық саясаты кедергі. Себебі бізде валюта бағамының проблемалары басты мәселе ретінде талқыланып, оны түзетуге тырысады. Ал олар бізде инфляциялық мақсатты режим болғанын ескере отырып, пайыздық мөлшерлеме жұмыс істемейді деп, пайыздық мөлшерлеме бойынша бірдеңе шешуге қорқады. Бізде экноимкалық саяси бағыт ресми түрде құбылмалы мөлшерлемеге бағытталған. Мұндай саясатпен тіркелген валюта бағамы мәселелерін талқылаудың да керегі жоқ. Екінші жағынан, бізде базалық мөлшерлеме дұрыс жұмыс ітеуі керек деген ресми инфляциялық таргеттеу саясаты бар. Біз қалыпты, жақсы нәрселерді жариялаймыз, бірақ соған сай саяси шешім немесе түсінік жоқ.

— Базалық ставканы жоғарлату доллар бағамына әсер етуі мүмкін бе?

—  Ол оған  еш әсер етпейді. Егер қазір ставканы жоғарлатпаған жағдай да да, ерте ме, кеш пе бәрібір соған келеміз.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!