Ресейден келетін астыққа шектеу алынды – вице-министр

14:45, 25 мамыр 2022
482

Нұр-Сұлтан. 25 мамыр. 7kun.kz – Ресейден дәнді дақылдар тұқымын тасымалдау проблемасы шешілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек айтты, деп хабарлайды 7kun.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары бірнеше рет хабарлағандай, Ресейден дәнді дақылдарды жеткізу проблемасы болды. Мұның себебі Ресей тарапының дақылдарды экспорттауға тыйым салуы еді. Тұқым бойынша СЭҚ ТН ұқсас коды болғандықтан, оларға да тыйым салынған», — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл тұқымдар елімізге сақтаулы сортты жаңарту және сортты ауыстыру үшін қажет. Сондықтан мәселе вице-премьерлер деңгейінде көтерілді. Нәтижесінде Ресей Федерациясы тұқымдарды өзге елге әкетуге салынған тыйымды алып тастау туралы шешімге ауыстырды.

«Бұл қосымша 14 мың тоннадан астам дәнді дақылдар тұқымын алуға мүмкіндік берді. Қазақстандық аграршыларға дәнді дақылдар тұқымдарының келісімшарт жасалған партияларын алуға жол ашып, сорттық әлеуетті күшейтті, — деді Әбілхайыр Тамабек.

Вице-министрдің дерегінше, тұқым шаруашылығын қолдауға биыл жергілікті бюджеттерде 11,8 млрд теңге көзделген. Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биыл шамамен 670,2 мың тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 43,7 мың тоннаға артық екен.  

Әбілхайыр Тамабектің айтуынша биыл ел аумағында 11,3 млн гектар жерге дәнді дақылдар егілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары үшін кредит беруге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінген. «Кең дала» бағдарламасы аясында ресми түрде 70 млрд теңге сомасына 2 562 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 69 млрд теңгенің 2 086 өтінімі қаржыландырылды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!