Ресей, Сауд Арабиясы, АҚШ келіссөз үстеліне отырады

14:25, 4 сәуір 2020
6307

Келесі аптада мұнай бағасының құлдырауы тоқтап, қайта өсе бастауы мүмкін. Өйткені Ресей, Сауд Арабиясы мен АҚШ келіссөз үстеліне отырып, мұнай өндірісінің көлемін қайта талқылайды. 

Жұма күні Ресей Президенті Владимир Путин келіссөз үстеліне қайта отырып, бұл мәселені Сауд Арабиясымен ғана емес АҚШ-пен де талқылауға дайын екендігін білдірді.

Бұған Сауд Арабиясы бірден келісіп, келіссөз кеңейтілген құрамда алдағы дүйсенбі күні өтетін болды.

Оның нәтижесі бойынша тараптар бірлесе отырып, өндірілетін мұнай көлемінің күндік мөлшерін 10 млн баррельге азайту туралы келісімге қол жеткізуді көздейді. Бұл ОПЕК+ келісімінің соңғы отырысында Сауд Арабиясы ұсынған көлемнен 6,5 есе аз. Ол ұсынысты Ресей тарапы қолдамай, мұнай бағасының құлдырауы басталған. Бұл арқылы Игорь Сечин бастаған ресейлік мұнай компаниясының басшылары АҚШ-тың қатпарлы мұнай өндірушілеріне соққы беруді көздеген. Алайда олар мақсаттарына жете алған жоқ, тек бір осы аптада АҚШ-тың қатпарлы мұнай өндіретін бір компаниясы банкрот болды.

Сонымен қатар бүкіл әлемдік мұнай нарығының құлдырап, әлем экономикасының ойсырауына негіз салып берді. Мұнайдың Brent маркасы бір айда екі есеге, жыл басынан бері 60% құлдырады. Ал мұнайдың ресейлік Urals маркасы 2 сәуірде барреліне $10,54 дейін төмендеді. Мұндай құлдырау Ресейдің бюджеті үшін соққы. 2020 жылдың бюджеті мұнай бағасы $42,45 болады деген болжаммен жасалған. Бұған коронвирус шығыны қосылып, экономиканы құрдымға кетіруі мүмкін еді. Осының бәрі Ресей президентін келіссөз үстеліне отыруға жетелеген сыңайлы.

Сарапшылардың айтуынша алдағы отырыста үш тарап келісімге келеді. Өйткені Ресей ғана емес, АҚШ, Сауд Арабиясымен қатар күллі әлем экономикасы үшін зардабы ауыр болатынын тараптар жақсы түсініп отыр. Оған өткен бір айдағы құлдыраулар дәлел.



Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!