Президент Жамбыл облысындағы бірқатар шенеунікті жұмыстан босатуды тапсырды

15:20, 10 ақпан 2020

Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының бірқатар шенеуніктерін қызметінен босатуды бұйырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовке Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеп соқтырған оқиғаға байланысты облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С.Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті, Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айхимбековті қызметінен босатуды тапсырды.

Бұдан басқа, ел президентіне Жамбыл облысының Қордай ауданында болған оқиғаларды тергеу жөніндегі ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.

Еске сала кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес болған. Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК 293 бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздік кезінде 10 адам қаза тауып, 43 адам ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда 39 адам ауруханаға ем қабылдап жатыр», — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди ОКҚ брифингінде.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!