Отандық экспортта бағалы металдардың үлесі артуы мүмкін

20:59, 17 ақпан 2017

Мұндай оптимистік болжам айтуымызға негіз бар. Ақмоладағы Бестөбе кенішінде биыл 3 бірдей кен байыту фабрикасы ашылады. Олар жылына 2,5 млн тонна кен өңдеп, одан 2 тонна Доре құймасын алуға қауқарлы. Жоба құны 20 млрд теңгеден асады.

Жер астына түсу үшін мынадай қауіпті лифтке мінуге тура келді. Төбесінен су сорғалап тұрған соң, бейнекамерамызды бүлдіріп алмайық деп, қорқынышты лифтегі көріністі ұялы телефонға түсіріп алдым. Ал не бары екі-ақ минутта зулап отырып, жеті қабат жер астына тап болдық.  

Дамир Берікұлы, тілші:

-Біз қазір 790 метрлік тереңдіктеміз. Бұл кен орны «Солтүстік-1» деп аталады. Бұл жерден мамандар 11,5 мың тонна кен алуды жоспарлап отыр. Ал жалпы Бестөбе кен орны жылына 280 мың тонна кен береді. Қазір біз кеншілердің күнделікті жұмысымен танысамыз.

Жер астында жұмыс істеуде 20 жылдан астам тәжірибесі бар Олег Хмуровтың еңбегі – ең ауырларының бірі. Қауіптілігіне қарамастан, тасты жарып, алтынның кенін іздейді. Ал қалған кеншілер олжаны жинап, оны тасымалдаумен айналысады.  

Олег Хмуров, кенші:

-Біз алтынды өзіміздің Қазақстанның игілігі үшін деп алып жатырмыз. Бұл, әрине, кеншілер үшін үлкен мақтаныш.  Десе де, жұмысымыз оңай емес. Бірақ өзіме қатты ұнайды. Әйтпесе шахтада 20 жыл бойы жүрмес едім ғой.

Данияр Әлімжанов, кенші:

-2008 жылдан бері жұмыс істеп жүрмін. Мен өзім Бестөбеде туып, өскенмін. Бастапқыда қиын болды. Оңай шығар деп ойлайтынбыз. 

Жалпы Бестөбе кен орнында 1, мың адам еңбек етеді. Әрқайсысының өзіндік міндеті бар. Олар қазір жылына 240 мың тонна кен өндіріп, оны өңдеуге жөнелтіп отыр. 

«Ал жаңадан іске қосылған кенді жер астынан жоғарыға шығаратын жаңа қондырғы бұл көрсеткішті алдағы жылдары екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», – дейді мамандар. 

Әділхан Қалиев, «Қазақалтын» ТКК АҚ Бестөбе филиалының директоры: 

-Сондықтан біз биыл жаңа кен байыту фабрикаларын іске қосамыз. Бұл нысандар бізге жалпы көлемі 6 тоннаға жуық алтын алуға мүмкіндік береді. Қазір олардың құрылысы 25 пайызға жетті.  

Ал кен байыту кешені 6 мыңға жуық халқы бар Бестөбе кентінің іргесінен салынып жатыр. Сондықтан тұрғындар да, жергілікті билік те аталған нысан елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайына серпін береді деген сенімде. 

Авторлары: Д. Берікұлы, А. Полянный 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!