Өңірлерді дамытуға қанша қаражат бөлінді?

12:07, 12 қыркүйек 2019
208

Алматы. 12 қыркүйек. 7kun.kz – 2020-2022 жылдарға арналған бюджетте шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығы түсімдерін жергілікті деңгейге беру жүзеге асырылды. Жалпы, берілген түсімдер 1,4 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2020 жылы 403 млрд теңге. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Мәжілісте еліміздің бас қаржы құжатын таныстыру барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, барлық аумақ бойынша салықтық әлеуетті күшейту жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін қайта қарау және жергілікті атқарушы органдардың базасына бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған бірқатар шығыстарды беру арқылы жүзеге асырылады. Жалпы, жергілікті атқарушы органдардың базасына 2,6 трлн теңге көлемінде шығындар берілді, оның ішінде 2020 жылы 729 млрд теңге.

2020-2022 жылдарға арналған субвенциялар мен алып қоюлар «2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы» заң жобасына сәйкес айқындалған. Мәселен, өңірлерді бюджеттік қамтамасыз ету деңгейін теңестіру және тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін 2020-2020 жылдарға 6,8 трлн теңге сомасында субвенциялар қарастырылған, оның ішінде 2020 жылға – 2,2 трлн теңге. Бюджеттік алулар 2020 жылы – 341,1 млрд теңгені құрайды, донор өңірлер әрдайым Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары болып табылады.

«Үш жылдық кезеңде нысаналы ағымдағы трансферттер мен даму трансферттері түріндегі шығыстар 3,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2020 жылы 1,4 трлн теңге. Жалпы, 2020 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,6 трлн теңге бөлінеді. Бұл бюджеттің жалпы шығындарының шамамен 28%-ы», — деп түйіндеді вице-министр.

Источник: 7kun.kz


Пікір