Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары (Фотореп)

20:00, 17 қаңтар 2018
895

16 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барды. Бұл туралы алдымен АҚШ президенті Дональд Трамп Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

АҚШ үкімет басшылары қазақ президентін күтіп алу үшін Ақ үй алдына жиналды.

Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қазақстан мен АҚШ Президенттері келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.

“Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз”, – деді Трамп.

Екі ел басшыларының кездесуінен Ақ үйде Назарбаев және Трамптың қатысуымен брифинг басталды.

Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық, – деді Қазақстан президенті.

“Мен Сіздің мықты басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістіктерді көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қазақстанның болашағы жарқын болғанын және оның егеменді елді өркендетуге бағытталғанын қалаймыз. Осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз”, – деді Дональд Трамп.

Брифингтен кейін Қазақстан президенті «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті.

Р.Уошберн «ЭКСПО-2017» көрмесінен алған әсерін бөлісіп, алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.

Мемлекет басшысы АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен де кездесуге уақыт тапты.

Америка Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі бойынша екінші орында. Тәуелсіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қазақстанға 50 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энергетика, көлік, инновация, медицина және басқа да салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ден аса компания табысты жұмыс істеп келеді. Ірі серіктестеріміздің қатарында «Шеврон», «Эксон Мобил», «Дженерал Электрик», «Хэллибёртон» және басқа да компаниялар бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды:

– Мемлекеттік әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсеткені үшін ақы алмау туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін коммерциялық темір жол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімнің хаттамасы;

– Халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісім.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!