Несие тарихы: Желілік маркетинг үшін несие алдым

10:09, 18 қаңтар 2018

Мен бұл несиені туыс әпкемнің кесірінен алған едім. Бір ата-анадан туған бауырлар бір-бірі үшін банкке қарызға кірмейтін заманда «мұнысы несі, қандай ақымақ?!» дерсіз. Алдымен басынан бастап түсіндірейін.

Кішкентай күнімнен әркімнің көңіліне қарап, жалтақтап өстім. Ата-анам ажырасып, әрқайсысы өз отбасын құрып, жөніне кетті. Мен ата-әжемнің қолында қалдым. Мектеп бітіре салып, Талдықорған қаласындағы университеттің есеп және аудит мамандығына сырттай оқуға түсіп, тәжірибе жинау үшін мектепте бухгалтердің көмекшісі болып тегін жұмыс істедім. Күндердің күнінде ата-ананың жылуын қатты сағынып, сөйтіп Астанада тұратын туған әкеме келдім. Әкем мені, яғни, өзінің туған қызын қабылдаған жоқ. Мен оған ренжіп, ол маған ренжіп, қазір араласпаймыз. Амал жоқ, Астанадағы туыс әпкемнің үйін паналадым. Ол әпкемнің өзінің тоғыз баласы бар-тұғын. Оның үстіне күйеуі жұмыс істемейді, жалқау. Әпкем оған жеңіл көлік алып берді, камаз алып берді. Сонда да отбасын қамтамасыз етуге қол ұшын тигізген жоқ. Үйінде ақша жетіспеушілігі жиі болады. Мен жұмыс істеймін, әпкем менен ақша алады, өзі де жұмыс істейді. Айтпақшы, қаладағы акционерлік қоғамның біріне жабдықтаушы болып қызметке тұрған едім.

Бір күні әпкем бір желілік маркетингтің өнімдерін мақтай бастады. Аса қаламасам да мені де соған кіргізді. Асқазанға, арықтатуға коктейльдерін, жуынатын заттарын алдым. Шынымен де өнімдері жақсы екен. Бірақ, бағасы удай қымбат. Оған 300 мың теңгеден бастап жарнасын төлесең, қалаған затыңды көтерме бағада алып жүруге болатынын, белгілі бір межеге жеткенде әлгі жарнаны қайтарып беретінін естіп, әпкем маған несие алып бер деп қолқа салды. Онымен қоса, тағы бірдеңеге ақша керек деп, ай-сайын өзі төлеп тұратынын айтып жалпы 700 мың теңге несие алдыртты. Әлгі жарнаны мен де салайын деп 300 мың теңге несиені өзіме алдым. Өзімдікін төлеп жүрмін. 220 мың теңге айлығымның 100 мыңын несиеге берем ай-сайын, 40-50 мың әпкем алып тұрады, осылай күндер өтіп жатты. Ал, әпкем өзінің несиесін кешіктіріп төлеп жүр. 15-20 күн кешіктіретін кездері болды. Ал, осы айға уақытынан бір ай асып кетсе де әлі төлеген жоқ. Алдыңғы айын өзім төледім. Күйеуі камазын біреуге жалға берген, сол берсе бірақ жаба саламын деп жүр. Енді өзіңіз төлеңіз деп, жақында үйінен көшіп кеттім. Интернеттен пәтер жалдап тұратын қыздар тауып алып, солардың қасына келдім. Болашақта ипотекаға үй алып, ата-әжемді қолыма алғым келеді. Әпкемнің несиесі менің атымнан алынғаннан соң, кесірі маған тиіп кете ме деп қорқамын. Желілік маркетинг желіктіріп, қарызға батты. Одан не қырып пайда тауып жатқан жоқ. Несиеңнің тарихы (кредитная история) таза болмаса, ипотекадан қағылуым мүмкін ғой. Біреулер «бір айға дейін кешіктіру ештеңе етпейді» дейді. Ал, біреулер «үш жыл, он жыл қара тізімде тұрасың» дейді. Өзгенің кесірінен тағы бірталай жыл үй-күйсіз, сандалып жүргім келмейді. Осы қарыздан құтылсам, бірден ипотекаға өтініш беремін деп отырмын.

Ал, сізде осындай жағдай болды ма? Қалай ойлайсыздар, осы несие кешіктіріп болса да түгел төленсе, ипотека алуыма кедергі болмайтын шығар?

Перизат ӨМІРЗАҚОВА,

Талдықорған

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!