Назарбаев: Бізге көп банктің қажеті жоқ

14:26, 17 шілде 2018

Алматы. 17 шілде. 7kun.kz – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, елдегі банктердің саны көп болмауы тиіс.

«Банктер туралы заңға өзгеріс енгізуге себеп болған өткен жылғы банктердің сәтсіздігі адамдарымыздың еркелікке салына бастағанының белгісі. Банктер ашу және жұмысты бастап кету – бұл ешқандай да нарық емес, бұл адамдардың әл-ауқатына және мемлекеттік қаржыға тікелей әсерін тигізетін үрдіс. Аз-маз қаражат жинайды, келеді, банк ашып алады, Ұлттық банк өз рұқсатын берген соң, көшелер мен аялдамаларда: «біз үлкен пайыз бере аламыз, ақшаңызды бізге салыңыз» деп жар салады. Адамдар оларға сеніп, өз ақшасын салады, кейіннен акционерлер аталған қаражатты қалтасына басады немесе «өзінің адамдарына» таратып береді, – деді Елбасы Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевпен болған кездесуде.

«Банк жүйесінде осындай былықтар болды. Менің ойымша, жақсы банк ешқашан қайтаруға шамасы келмейтін адамдарға несие таратпайды. Ал, бізде қалай – акционерлердің өздері ақшаның қайтып келмейтінін біліп тұрып, «өзінің адамдарына» берген және қаражатты жылыстатып, қалталарына басып отырған. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Бәрі қатаң қадағалануы тиіс. Бізге қаптаған банктердің қажеті жоқ, – деп ерекше атап өтті Н. Назарбаев.

Елбасы банк акционерлеріне артылатын жауапкершіліктер туралы тағы да ескерте кетті.

«Банк – бұл ақша, ақша – бұл экономика. Экономика – бұл халықтың әл-ауқаты. Адамдар банктерге барады және бұл мемлекеттік жүйенің бір тармағы деп ойлайды. Ал алаяқтар оларды алдап кетеді. БТА банкі талан-таражқа түскеннен кейінгі $6-7 млрд қаражатты біз әлі күнге қалпына келтіруге тырысудамыз. Мен мұндай былықтарға жол бермеуді талап етемін, – деді президент.

18,2 млн адам халқы бар Қазақстанда бүгінгі таңда 32 банк жұмыс жасауда.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!