Құрық теңіз портынан миллион тонна жүк жөнелтілді

19:34, 19 қазан 2017

Мұнай өнімдері мен халық тұтынатын түрлі тауар тиелген алып кеме Әзербайжан астанасы Бакуге жол тартты.

Қазақтың екінші теңіз порты еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Бүгінде айлақтан тек Қазақстан ғана емес, Қытай, Өзбекстан мен Қырғыз елінің тауарлары Еуропаға тасымалданып жатыр. 

Дыбыстық қыстырма: жүк тиелген вагондар паромға кіріп жатыр

Бүгін – қазақтың екінші теңіз порты Құрықта тарихи күн. Биыл ғана іске қосылған жаңа порттан миллионыншы тонна жүк жөнелтілді. 46 вагон мұнай өнімдері мен Қытайдан келе жатқан 4 вагон халық тұтынатын тауар алып кемеге тиеліп, Баку портына жол тартты. Бұл өнімдер Әзербайжан арқылы Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады. 

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

– Бұл жеңіс – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының үлкен жеңісі. Неге десеңіздер, Құрық порты Елбасы айтқандай, бүкіл Кавказды, Европа мен Қытайдың арасын қосатын үлкен трансконтиненталдық маңызы бар тасымалдау портына айналды. Бұл жәй ғана жүк тасымалы емес. Мемлекетаралық қатынасты нығайтуға тікелей әсерін тигізіп жатыр. 

Порттағы теміржол паромдық кешені жылына 4 млн тонна жүкті қабылдауға қауқарлы. Осы паром арқылы биыл 210 кемеге жүк артылған. Оның басым бөлігі – өз өнімдеріміз.

Талғат Оспанов, Құрық порты бас директорының орынбасары:

– Біз экспортқа астық өнімдерін жібереміз, мұнай өнімдерін, астық, көмір кетті жақында. Бізде негізі экспорттық – отандық өнімдер және де осы Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан. 

Биыл Құрық порты құрылысының екінші кезеңі аяқталады. Қазір құрылыста 400 жергілікті тұрғын еңбек етуде. Ал порттың өзінде 100-ге жуық маман тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Гүлмира Әбішева, тілші:

– Осыған дейін Ақтау теңіз порты арқылы тасымалданып келген жүк көліктері келер жылдан бастап осы Құрық порты арқылы жөнелтілмек. Себебі мұнда жылына 2 млн тонна жүкті қабылдап, өткізе алатын жаңа автомобиль айлағы салынып жатыр. Бұл айлақ алдағы желтоқсан айында іске қосылмақ. 

Жаңа айлақ құрылысы толық аяқталған соң Құрық порты жылына 6 млн тонна жүкті өткізетін болады. Әзірге тек Әзербайжан порттарымен әріптестік орнатқан Құрық теңіз айлағының басшылары алдағы уақытта өзге порттармен де байланысты арттыруды көздеп отыр. Келер жылы Иран мен Түрікменстан елдеріне жүк тасымалдана бастайды. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!