Кредитін жабу үшін банк бөлімшесін тонаған

12:24, 21 қыркүйек 2017
631

Алматы. 7kun.kz. 21 қазан — «Альфа банктің» бөлімшесін үптеп кеткен қос күдікті кінәларын түгелдей мойындады. Олар кредиттен құтылу үшін банкті тонаған. Бұл туралы «Алматы» телеарнасы хабарлады.

Олар қаржы орталығына келтірілген шығынның барлығын өтеп бермек. Күдіктілер мұндай әрекетке несиеден құтылу үшін барғандарын айтып ақталды. Белгілі болғандай, банкті тонағандардың бірі Иван Жуковтың басында 500 мың теңгеден астам қарызы болған. Ал «Альфа банктің» бұрынғы қызметкері Максим Бескишкин 7 млн теңге несие алып, қайтара алмай жүрген. Сот отырысында қос күдікті «банкке тек қауіпсіздік қызметінің әлсіз жұмыс істейтінін көрсету үшін шабуылдадық» деген. Кейін бұл ойларынан айнып, қаржы орталығындағы қап қаражатты өздері иемденбек болғанын ашық айтты.

«Өз кінәмді толықтай мойындаймын және мұндай қылмысқа барғаныма өкінемін. Біз банкті тонағымыз келді, ол рас. Бірақ ешкімге зиянымызды тигізбейміз деп алдын ала келістік. Шабуыл кезінде қолданған қаруымызда оқ болған жоқ. Оны тек адамдарды үркіту үшін қолдандық», — деді күдікті Иван ЖУКОВ.

«2012 жылы үйімді кепілдікке қойып 5 млн теңге несие алдым. Кейін өзім жұмыс істейтін «Альфа банктен» 2 млн теңге тағы алдым. Өзімнің ай сайын алатын 200 мың теңге жалақым, осы қос несиені төлеуге кетіп отырды. Отбасымды асырай алмай, әбден қиналғандықтан банкті тонап, тығырықтан шыққым келді. Кінәмді толық мойындаймын және барлық шығынды өтеп беремін», — деді күдікті Максим БЕСКИШКИН.

Күдіктілер 135 миллион сақталған қоймадан тек 65 миллион 310 мың теңгені қолды қылғанын айтқан болатын. Кейіннен банкте қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде тағы 300 мың теңге кем шыққан. Күдіктілер бұл айыппен келіспесе де, алдағы 1 апта көлемінде бұл ақшаны да қайтарып беретіндерін жеткізді. Еске сала кетейік, маусым айында қаладағы «Альфа банктің» бөлімшелерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалған. Күдіктілер қаржы орталығынан 65 млн теңгеден астам қаржыны қолды қылған. Көп ұзамай ұрылар қолға түсіп, тонау дерегі бойынша іс қозғалды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!