Көлсайға кімнің көзі түсті?

11:02, 13 тамыз 2019

Алматы облысында табиғаты тамаша Көлсай, Қайыңды көлдерін білмейтін адам жоқ шығар?! Ерекше табиғатты қорғау мақсатымен 2007 жылы 7 ақпандағы Үкіметтің №88 қаулысымен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылған. Ұлттық парк құрылғалы Көлсай мен Қайыңдының сағасындағы Саты ауылының тіршілігі жанданып сала берді. 161 045 гектар аумақты алып жатқан паркте ауыл халқының басым бөлігі еңбек етеді. Аң-құс көбейген. 16 қар барысы мекендейтіні анық болғалы парктің дәрежесі де өскен. Келетін турист көп. 2017 жылы – 35 мың, өткен жылы 41 мың демалушы келіпті. Биыл сенбі, жексенбі күндері Саты ауылында қонақ үй табу мұң, туристің қарасы тіпті көп. Биыл көрсеткіш шамамен 1,5 есеге артуы мүмкін. Себеп – былтыр Көлсай көлдеріне асфальт жол салынған. Демалушы көбейген соң Саты тұрғындары толықтай туристерге қызмет көрсетуге көшкен. Жаңадан қонақ үйлер салынып, сырттан инвестиция келе бастаған. Табиғаты тамаша өңірде туристік бизнестің қарқыны артқан. Бір сөзбен айтқанда табыс бар. Алайда Көлсайдың оның ішінде «Көлсай көлдері» МҰТП-ның аты жақсы болғаны біреулерге ұнамайтын сияқты. Соңғы кезде ұлттық парк маңынан «қоқыс» іздеп, ақпараттық шабуыл жасаушылар пайда бола бастады.

БЛОГЕР  ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Жақында Youtube-та «Ұлттық парк пе, әлде жеке дүкен бе?» деген видео пайда болды. Азамат Ерғалиев есімді блогер мұнда «Көлсай көлдері» паркіндегі жағдай туралы «баяндайды». Видео қоқыс мә­селесін көтеруден бастап Лаура Туғанбаева есімді парктің бұрынғы қызметкерінің парк басшылығын айыптауымен жал­ғасып, соңы парк директоры Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевпен бірге оқыған дегенмен аяқталады. Оқиғаны біржақты, жұмыстан кеткен қызметкер мен жеке өз көзқарасы тұрғысынан баян­дап шыққан тележурналист әрі блогер Саты ауылына арнайы барып тұрып, Ұлттық парк басшысынан сұхбат алмағаны күмән тудырады. Біз бұл мәселеге назар да аудармас едік. Алайда әріптесіміздің журналистік обьективтілік пен этиканы тізеге басып жібергені еріксіз назар аудартты. Бірге оқыған демекші, Ұлттық парк директоры Әміржан Малыбековтің орман шаруашылығы саласындағы жұмыс өтілі 36 жылдан асады екен. Ұлттық паркке дейін де Павлодар облысындағы М.Горь­кий орман мекемесінде, Кеген орман шаруашылығы мекемесінде қатардағы қызметкерден басшылыққа дейін қызмет атқарған. Ұлттық парктің құрылуына атсалысқан. Көшеден келсе, болмаса орманның исі мұрнына бармайтын басқа саланың адамы болса бір сәрі. Нағыз орман инженері. Вице-министрмен бірге оқымаса да Ұлттық паркті басқаруға білігі мен тәжірибесі жететін-ақ адам. Видеоны мұқият қарап шықтық. Артынша парк басшысы мен вице-министрді қаралауға тырысқан ба деген ой қылаң берді. Өйткені видеода алды 3 жыл бұрынғы фотокадрлар жүр. Видеодағы негізгі мәселеге келсек, онда парктің бұрынғы қызметкері Л.Туғанбаева мені жұмыстан заңсыз босатты деп Ұлттық парк басшысының атына бірқатар айыптау жасайды. Алайда Л.Туғанбаеваның Президент Әкімшілігі, Бас прокурор, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Ішкі істер министрлігі, Алматы облы­сының әкімі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясының басшысының атына жолдаған екі арызы бойынша жыл басында тиісті құзырлы органдар тексеріп, парк бас­шысының жұмысынан заңсыздық таппаған екен. Біз парк басшылығынан сұраныс жасап, барлық құжатты қарап көрдік. Көз жеткіздік. Тексеру жүргізген органдарды да тізе кетейік, 2019 жылдың 4-7наурызы күндері Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының комиссиясы, 26 сәуірде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы облы­сы бойынша департаментінің тап­сырысы бойынша облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті, 19 наурызда Алматы облыстық еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп, кемшілік таппаған. Демек, мәселе осымен тәмам емес пе?!

ЖОҚ, ТАҒЫ КӨТЕРЕЙІК!

Алайда бұл оқиғаны Нұр-Сұлтанда тұратын блогер Азамат Ерғалиев шілде айында Саты ауылына барып, видеоға түсіріп, қайта көтереді. Осы үшін 1300 шақырым жерге жол жүріп жетеді. Оған қандай себеп бар? Ерғалиевті Сатыға апарған кім? Ол бұл жайды қайдан біледі? Ерғалиевтен бұл мәселені қайта қотаруды сұраған кім? Біз бұл мәселені жіті журналистік зерттеуге кірістік. Көрікті жер кімнің болса да көз құрты. Қолы жеткен қол са­лып, жетпесе артына кісі салып, басшыны қаралап, көз салуға тырысатындар да көп екен. Әсіресе осындай көрікті өңірде бизнес ашуға тырысатындар жоқ емес. Кейде мұндайға қарап Ұлттық парк басшыларын қорғау, қолдау керек пе деп қаласың.    Биыл жазда Көлсай мен Қайыңдыға Алматы облыстық ішкі саясат басқар­масының ұйымдастыруымен «Қазақстан», «Хабар», «31 арна» тілшілері, артынша өз беттерімен алматы қалалық һәм талды­қорғандық 35 журналист, Алматы облыс­тық туризм және ақпараттық қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өткен ақпараттық турға тағы 20-ға жуық журналист барып, Көлсай, Қайыңды көлдерін көріп қайтқан болатынбыз. Арнайы барған 60-қа жуық БАҚ өкілі көрмеген дүниені Нұр-Сұлтанда тұратын Азамат Ерғалиев қайдан байқай қойыпты? Айтпақшы, жоғарыдағы 60 журналистің Көлсайға сапары туралы әлеуметтік желі мен БАҚ бетінен іздеп көрсеңіздер болады. «Көлсай көлдерінің» көркі кіріп, ауыл тіршілігінің жанданып, табиғаттың берік қорғауға алынғанына қуанып жарыса жаз­ды олар. Ұлттық парк басшысы Әміржан Малыбековтің атына алғыс айтты.

ӨШКЕН ОТТЫ ҚОЗДЫРУ  КІМГЕ КЕРЕК?

Айтпақшы Л.Туғанбаеваның оқиғасын Ерғалиев білмесе де, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жақсы білетін еді. Қарамағындағы мекеме туралы видеоның ақ-қарасын айтып, қоғамға түсіндіруі керек еді. Алайда комитеттің баспасөз қызметі бұған қатысты ләм-мим деген жоқ.

Естуімізше, жақын күндері осы видео мен жазба бойынша «Көлсай көлдері» МҰТП-ға комиссия бармақ. Оқиғаның жалғасы ретінде енді бірнеше адам орнын босатуы тиіс. Өйткені сценарий соған әкеле жатқандай. Әрине, бұған көзіміз анық жетпейді. Дегенмен, қазір кімді қызметтен тайдыру керек болса әлеуметтік желі арқылы қоғамдық деңгейде мәселе көтеріп, жоғарыға жеткізіп, алғызып тастау әдетке айналғанын көзіміз көріп жүр. Хайп көп заманда ақ-қарасын айырып жатпай-ақ, әлеуметтік желіде кімді жаман десе соған қарап сөз бората беретін болдық. «Көлсай көлдерінің» басшылығына қарсы жасалған ақпараттық шабуылдың да түпкі мақсаты сол емес пе екен дейді ішкі түйсігіміз.

Біз бұл мәселені жіті журналистік зерттеуге кірістік. Көрікті жер кімнің болса да көз құрты. Қолы жеткен қол са­лып, жетпесе артына кісі салып, басшыны қаралап, көз салуға тырысатындар да көп екен. Әсіресе осындай көрікті өңірде бизнес ашуға тырысатындар жоқ емес. Кейде мұндайға қарап Ұлттық парк басшыларын қорғау, қолдау керек пе деп қаласың. Алдағы уақытта, мұны да жаза жатармыз. Журналистік этикадан аттай салып, біржақты пікір беру бізге жат.

Ал әзірше сөзімізді комитет басшысы Қайыр Рыскелдиновке бағыттамақпыз. Комитет басшысы бұл мақаланы оқып, әділдікке жүгінеді деп сенеміз. «Көлсай көлдері» паркінің басшылығына қарсы қолдан ұйымдастырылған домалақ арыздар мен ақпараттық шабуылдан, қаптаған комиссиялардан арылып, қызметін еркін атқаруға мүмкіндік беріле ме? Ауыл тұрғындары мен Ұлттық парк қызметкерлері соны сұрайды.

  Дереккөзі: aikyn.kz

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!