Қазақстанның қай өңірлері экономикалық дамудан артта қалды

10:10, 14 қазан 2019

Алматы. 14 қазан. 7kun.kz — Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құрылыс және негізгі капиталға инвестиция салу бойынша өңірлер арасындағы ең төмен көрсеткіш тіркелгендер қатарына Шымкент пен Нұр-Сұлтан, сондай-ақ Маңғыстау облысы кіретінін айтты.

«Бұл аймақтарда құлдырау трансформаторлық зауыт құрылысы, автомобиль жолдарын қайта жаңарту, Шымкент МӨЗ-де құрылыс жұмыстарының аяқталуы, «Жеңіл рельсті көлік құрылысы» жобасының тоқтатылуы, Назарбаев Университеті нысандарының құрылысы және Құрық портындағы ЭКСПО павильондарын, өндірістік кешендерді қайта жаңарту бойынша жұмыстардың төмендеуімен байланысты», — деп түсіндірді ҰЭМ басшысы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, бұл өңірлерде инвестиция бойынша оң динамика байқалып жатыр. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында құрылыс жағдайы жақсарды. Құрылыс бойынша Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстарының төмендеуіне байланысты теріс нәтижені тіркеді.

Бірқатар өңірлер, олардың ішінде Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Павлодар облыстары өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, Ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй және инвестициялар бойынша жақсы динамиканы көрсетеді.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облыстарында үш көрсеткіш бойынша төмендеу байқалды (құрылыс, инвестициялау және тұрғын үйді пайдалануға беру), екі көрсеткіш бойынша (құрылыс және өңдеу) — Солтүстік Қазақстан облысында; бір көрсеткіш бойынша (өңдеу, тау-кен өндіру немесе ауыл шаруашылығы) – Алматы, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында төмендеу байқалды.

Тамызбен салыстырғанда, Алматы, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында екі көрсеткіш бойынша, ал Батыс Қазақстан облысында бір көрсеткіш бойынша төмендеу байқалды.

Жалпы, 2019 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) екі өңірде ЖӨӨ-нің нысаналы өсуіне қол жеткізбеу қаупін көрсетеді. Бұл Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте БҚО-ның қысқа мерзімді экономикалық индикаторы төмендеп жатыр.

«Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуін қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар экономика салаларында жиналған өсу қарқынын ұстап тұру қажет. Сондай-ақ экономиканың базалық салаларында өсуді қамтамасыз ету бойынша түбегейлі шаралар қабылдау, инвестициялық жобалар бойынша бюджет қаражатын толық игеруді және осы жылдың 4 –тоқсанында тұтыну тауарларының бағасына қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет», — деп түйіндеді Дәленов.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!