Қазақстандағы Ресей басылымына берілген тендер және Амандық Баталовқа жасалған пиар

12:03, 12 шілде 2021

Ras Aitamyn телеграм арнасы Алматы облысының әкімдігі Амандық Баталовтың пиарына қанша ақша жұмсайтынын зерттеп көріпті.  Арна авторларының жазуынша ең көп сомадағы тендер облыстық «Жетісу» арнасына берілген.

Алматы облысының ішкі саясат басқармасы 2020 жылдан бері «Жетісу» телеарнасымен 1 миллиард теңгеден астам сомаға келісімшарт жасасқан, деп жазады телеграм арна.

Әкімдік республикалық басылымдарға да үлкен сомадағы тендерлерді береді. Мысалы, биыл наурызда “Время” басылымымен 20 миллион теңгеге келісімшартжасасты. Бұл ақшаға жазылған материалдардың арасында облыс әкімі Амандық Баталовтың қызметін насихаттайтын мақалалар бар.

Мысалы, Баталов Жеңіс күні Талдықорғандағы ардагерлерді құттықтап, оларға сыйлықтар тапсырғаны туралы материалға 330 мың теңге төленді. Алматы облысында екі қант жұмысының зауытын қалпына келтіру туралы Баталовтың мәлімдемесі бір жағынан әкімді, екінші жағынан Nur Otan бағдарламасын насихаттайды (170 мың теңге). Талдықорғанда көпбалалы аналар жұмыс істейтін тігін цехы ашылғаны туралы материалдың (160 мың теңге) ішіне де Баталовты қыстырып жіберген. “Время” басылымы “митингілер мен наразылыққа былтыр шыққан көпбалалы аналар жұмыс орындарын ашуды сұрады, Баталов тапсырмасымен тігін цехы ашылды” дейді.

Былтыр қарашада әкімдік Nur.kz порталымен12,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Портал Баталов пен жергілікті шенеуніктердің жұмысын белсенді насихаттады. Nur.kz тіпті Баталовтың құттықтаулары мен марапат тапсыруын үзбей беріп отырған. Мысалы, Баталовты жетісулықтарды бірінші президент күнімен құттықтағаны үшін салық төлеушілер 400 мың теңге төлесе, бірінші президент күніне орай өткен іс-шарада жастарды құттықтап, “Көшбасшы-2020” сыйлығын табыстағаны туралы ақпаратқа 652 мың теңге төленді.

Ал тәуелсіздік күніне орай облыс әкімінің салтанатты шарада 70 жетісулыққа мемлекеттік награда тапсырғаны жайлы ақпаратқа облыс тұрғындары 388 мың теңге төлеген.

Баталов анда-мында барды, мынаумен кездесті, түген нысанды ашты деген ақпараттарға да ақша төленді. Мысалы:

Әкім әртүрлі саладағы еңбек сіңірген қайраткерлермен кездесті (400 мың теңге)
Әкім екі жатақхананы ашты (589 мың теңге)
Баталов 100 төсек орны бар перзентхананы ашты (348 мың теңге)
Баталов екі автомобиль көпірін ашты (338 мың теңге)

Nur.kz порталы Баталовтың орынбасары Рустам Әлиді де белсенді насихаттаған. Мысалы, Рустам Әли «Jer Jannaty Jetisy» байқауының жеңімпаздарына 500 мың теңге табыстағаны туралы ақпарат үшін 405 мың теңге төленді.

Р.Әли Алматы облысындағы визит-орталықтың ашылу салтанатына қатысып сөз сөйлегені туралы ақпаратқа да ақша төленді (323 мың теңге).

Алматы облысының шенеуніктері түрлі марапат тапсырып, жұртты құттықтағанды жақсы көретіндей. Рустам Әлидің журналистерге облыс әкімінің «Самғау 2020» сыйлығын тапсырғанын білу үшін тұрғындар 541 мың теңге төлеген.

Пандемия басталғалы Алматы облысының әкімдігі Nur.kz порталымен 39,9 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Қызығы, Алматы облысының әкімдігі жергілікті және республикалық БАҚ-қа ғана емес, Қазақстандағы ресейлік “Комсомольская правда в Казахстане” басылымына да тендер берген. Былтыр әкімдік пен бұл басылым 2 миллион теңгеге келісімшарт жасасты. Бұл ақшаның есебінен “Комсомольская правда в Казахстане” еріктілер, облыстағы ардагерлер ұйымы, облыстық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы туралы жазған.

Алматы облысының әкімдігі өз қызметін республикалық арналарда көрсету үшін “Хабар” агенттігімен биыл сәуірде 10,8 миллион теңгеге келісімшарт жасасты. Баталов орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингтен 1,5 минуттық орысша және 1,5 минуттық қазақша сюжет үшін «Хабарға» 900 мың теңге төленді. 9 мамыр күні Баталовтың ардагерлермен кездескені туралы 3 минуттық орысша-қазақша сюжет пен әкім бастамасымен көпбалалы әйелдерге арналған тігін цехының ашылғаны туралы сюжеттерге де тура сонша ақша берілді.

Пандемия басталғалы облыс әкімдігі «Хабар» арнасымен 15,8 миллион теңгегекелісімшарт жасасты.

Ras aitamyn авторларының зерттеуі осындай. Алайда қыруар қаржыға қарамастан облыста соңғы кезде қоғаммен байланыс азайып барады. Бұл туралы бұған дейін «Алматы облысында қоғаммен де, БАҚ-пен де байланыс жоқ, халықтың шағымы жауапсыз қалады» атты мақалада тоқталдық.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!