Қазақстанда жол-көлік оқиғасының саны 5%-ға өсті

17:38, 16 шілде 2019
351

Алматы. 16 шілде. 7kun.kz — Жыл басынан бері Қазақстанда 7 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы орын алды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев мәлімдеді.

«2019 жылдың 6 айында 7 093 ЖКО тіркеліп, 850 адам қаза тауып, 9 425 адам жарақат алды. Өткен жарты жылдықтармен салыстырғанда ЖКО саны 5%-ға — 6 743-тен 7 093-ке дейін, оларда қаза тапқан азаматтардың саны 8%-ға — 784-тен 850-ге дейін және жараланғандардың саны 9%-ға — 8 653-тен 9 425-ке дейін өсті», — деді ол.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Жолдардағы бақылау күшейтілді.

«Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 2,8 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзушылықты анықтады. Соның ішінде 103,5 мың жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сот 17,6 мың жүргізушіні басқару құқығынан айырды, 1 742 адам әкімшілік қамауға алынды», — деді Әлібек Кеңесбаев.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!