Қазақстанда төлем карталары үшін банктік комиссия төмендеді

19:29, 13 сәуір 2020

1 мамырдан бастап банктер кейбір салаларда төлем карталары үшін алатын комиссияны төмендетеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі хабарлады.

 Айта кетейік, комиссия әлеуметтік мәні бар білім беру, медициналық қызметтер, дәріханалар, тұрақ орындарына, ақылы жолдарға ақы төлеу, ауыл шаруашылығы сервистері, жылжымайтын мүлік сынды экономиканың жекелеген салаларындағы мәмілелер кезінде картамен төлеуге қатысты. ҰБ хабарлауынша елде төтенше жағдайдың енгізілу, коронавирус пандемиясының таралу жағдайларында осы салаларға қолдау көрсету маңызды.

Ұлттық Банк осы өзгерістерді қабылдау үшін халықаралық төлем жүйелерімен және екінші деңгейдегі банктермен қажетті жұмыс жүргізген. Нәтижесінде Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері банкаралық комиссияның мөлшерлемесін қазақстандық банктер үшін 2 есе — 1%-ға дейін, фармацевтика сегментінде – 1,3%-ға дейін төмендетеді.

Ал эквайрингтік қызмет нарығының (төлем карточкасын пайдалан отырып қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсету) 96% тиесілі Халық Банкі, Kaspi Bank, Forte Bank, Сбербанк, АТФ Банк, Банк ЦентрКредит, Jysan Bank, Еуразиялық банк сауда (эквайрингтік) комиссиясын орташа алғанда 35%-ға төмендетеді. 

Сауда комиссиясын төмендету кәсіпкерлер мен азаматтарға банктік комиссия бойынша шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнес субъектілері жылына 2 млрд теңге дейін қаражатын үнемдей алады.

ҰБ хабарлауынша қабылданған шаралар жеке қолма-қол ақшасыз есеп айрысуды одан әрі дамытуға септеседі және «көлеңкелі экономиканың» көлемі қысқаруына оң әсер етеді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!