Қазақстанда бюджет кірісі 13%-ға өсті

10:33, 9 қыркүйек 2019

Алматы. 9 қыркүйек. 7kun.kz – 2019 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің жалпы кірісі 7,1 трлн теңгеге жетті. Өткен жылдың ұқсас кезеңінде кірістер жыл ішінде 10,9% төмендеген кезде 6,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Finprom.kz хабарлайды.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша, өткен жылмен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейінде қаражаттың игерілуі жақсарып, мемлекеттік бюджет бойынша 98,4%-ға, республикалық бюджет бойынша 98,9%-ға, жергілікті бюджет бойынша 98,2%-ға жетті.

2019 жылдың жеті айында бюджет тапшылығы 581,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (202,7 млрд.теңге) салыстырғанда 2,8 есе көп.

Мемлекеттік бюджет кірістеріндегі негізгі үлесті әдеттегідей салық түсімдері құрайды: 67,8% немесе 4,8 трлн теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (4,2 трлн теңге) 15,3%-ға көп. Корпоративті табыс салығы бойынша түсімдер 1 трлн теңгені құрады, қосылған құн салығынан түсетін түсімдер 1,3 трлн теңгеге жетті, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтан түсетін түсімдер сәйкесінше 499,4 млрд және 381,6 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, салықтық емес түсімдер мен негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер тиісінше 127,6 млрд және 60,6 млрд теңгеге тең.

Трансферттер түсімдерінің үлесі 29,6%-ды құрады (бір жыл бұрын — 30,4%).

ҚР Ұлттық қорынан трансферттер түсімі ағымдағы жылдың қаңтар–шілде айларында 2,1 трлн теңгеге жетіп, жылына 10,2%-ға артты. 2018 жылдың дәл осы кезеңінде трансферттер сомасы жылына 40,6%-ға төмендеп, 1,9 трлн теңгені құрады.

Ағымдағы жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 1,7 трлн теңгені, ал ҚР Ұлттық қорынан республикалық бюджетке нысаналы трансферт 370 млрд теңгені құрады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!