Қазақстанда бензин бағасы 12%-ға жоғарылауы мүмкін

09:54, 20 ақпан 2017

Қазақстанның бірқатар автобекеттерінде жанармай бағасы екінші рет қымбаттап жатыр. Бұл туралы  LS жазады.

«ҚазМұнайГаз» бекетінде АИ-92 маркасының литрі 141 теңгені, Аи-95 154 теңге, ал Аи-98 162 теңгені құрады.

Helios-тағы баға әзірге бірқалыпты. Аи-92 140 теңге, Аи-95 151 теңге, Аи-95  Prime 158 теңге, ал Аи-98 164 теңгеден сатылып жатыр.

Sinooil-дағы АИ-95 және Аи-96 152 теңгеден, Royal Petrol-да АИ-95 155 теңгеден, АИ-98 маркасының бір литрі — 165 теңге.

Ең жоғары баға «Лукойл» бекеттерінде: Аи-92 145 теңге, Аи-95 165 теңгеге дейін қымбаттады.

Осыған дейін еліміздегі мамандар жанармай бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірген еді. BRB Invest басқарма төрағасы Ғалым Құсайыновтың сөзінше, осы жылы бензин бағасы 12%-ға жоғарылауы мүмкін.

Оның сөзінше, бензин бағасының өзгеруіне екі фактор әсер етеді: отандық өндірістегі бензин тапшылығы және теңгеге қатысты ресейлік рубльдің нығаюы.

«Қазақстанда өз өндірісіміздегі жанармай жетіспейді. Мұны энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтқандай көлік санының көбеюімен түсіндіруге де болады. Бағаға ресейлік рубльдің нығаюы да ықпал етіп отыр. Көрші нарық бізге әсер ететіндіктен, жанармай да қымбаттайтын болады», — деп түсіндірді Құсайынов.

Ал экономист Сергей Смирновтың атап өтуінше, бензин бағасының жоғарылауына мұнай өңдеу зауыттарының жобасы себеп болды.

«Мұнай өңдеу зауыттары туралы жоба 2009 жылы қабылданған. 2015 жылға қарай 3 зауыттың да құрылысын аяқтап, ішкі нарықты бензинмен қамтамасыз етуге уәде берді. Қазір 2017 жыл, бірде-бір зауыт жаңаланған жоқ, тек Атырау зауыты ғана аяқталуға жақын. 2009 жылы жоба бюджеті 3,5 млрд теңге деп есептелсе, қазір ол 6 млрд теңгеге дейін жетті. Жөндеу жұмыстары кредитке жүргізіліп жатыр, кейінірек оны пайызбен қайтару қажет. Барлығын тұтынушылар төлейді», — деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзінше, зауыттың жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін, жанармай құны да өсе түседі. Баға ресейлік нарықпен теңесуі мүмкін. «Ресейде Аи-92 шамамен литріне 180-200 теңге тұрады», — дейді экономист.

Дереккөз: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!