Қазақстан-Өзбекстан іскерлік топ өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтті

19:21, 23 наурыз 2017

Өзбекстан Президентінің сапары аясында елордада қазақ-өзбек іскерлік топ өкілдерінің қатысуымен бизнес форум өтті. Кәсіпкерлер жақын арада бірлесіп жеңіл көлік жасайтын зауыт салуға келісті.

Ал бұдан бұрын өзбек жұртының өнеркәсіптегі бүгінгі әлеуетін паш ететін ауқымды көрме ұйымдастырылды. 

Достық Талғатұлы, тілші:

-Қолөнер бұйымдарын дайындауда өзбек ағайындар алдына жан салмайтыны жалпыға аян. Бірақ қазір заман сұранысына сәйкес тұрмыстық техниканың барлық түрін шығара алады дегенге сене аласыз ба? Дәл қазір біз соған көз жеткіземіз. Мәселен, мына жерде ауа баптағыштар, газ плиталар, қысқа толқынды пештер, сондай-ақ су жылытатын құрылғылардың сан алуан түрі және тоңазытқыштар да бар. Ал мұнда үтіктер бар екен. Сондай-ақ түрлі пішіндегі теледидарларды да көріп тұрмыз. Ал мына жерде кір жуатын машиналар бар. Ең бастысы бұл өнімдердің барлығы – 100 пайыз өзбекстандық.

2011 негізі қаланған өзбекстандық компания өз елінде өте сәтті жұмыс істеп тұр. «Бизнес-форум жаңа нарыққа шығуға мүмкіндік берді», – дейді компания өкілдері. 

Азамат Мұхтаров, өзбекстандық компанияның өкілі:

-Біз 2014 жылдан бастап ұялы телефонды да шығарамыз. Ішкі нарықта сұраныс күшті. Жуырда тиісті сертификатқа қол жеткіздік. Енді жақын аралықта Қазақстанға экспорттауды жоспарлап отырмыз. 

Өзбекстанда бизнес, оның ішінде шағын кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын кәсіпкерлері өндіреді. Көрмеге қатысқан өзбекстандық кәсіпкерлер қай саланы болсын жолға қойып, жетілдіріп жатқанын аңғартты. Тіпті смарт бағытында, яғни ақылды жүйе бойынша да тың жобаларын көрсетті. 

Алмас Айдаров, Kazaкh Invest АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

-Соңғы 11 жылдың ішінде Қазақстан Өзбекстанға 250 млн-нан астам инвестиция құйды. Ал Өзбекстан тарапынан 20 млн ғана инвестиция келіп түсті. Осыған байланысты екіжақты қарым-қатынастың потенциялы өте жоғары деп есептейміз. Оны дамыту керек. 

Сөзсіз бұл бағытты дамыту өте маңызды. Мұны өзбекстандық тарап та түсініп отыр. 

Алишер Шайхов, Өзбекстан Республикасы сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы:

-Көрмеде біз экономикамыздың 9 саласын таныстырып отырмыз. Әр саланың өз стратегиялық даму жоспары бар. Келісімшарттар жасалып жатыр. Жақын аралықта біз екі ел арасындағы сауда-саттықты 5 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. 

Қазақстан мен Өзбекстан кәсіпкерлері арасында мұндай ауқымды жиын алғаш өтіп отыр. Бизнес форумда сөз алған қос тараптың өкілдері: «Серіктестіктің көкжиегі кең болады», – деп болжам жасады. Оған негіз бар. 

Нұржан Әлтаев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

-Қазақстанда автомашина жинайтын зауыт салынатын болады. Ол біздің «Аллюр авто» мен «Өзбек автосаноат» арасындағы келісімшарт. Бұл жобаның құны 20 млн доллардан асады. 

Қол жеткізілген келісімнің негізінде дәл осындай жаңа кейіптегі өзбек көліктері Қазақстанда құрастырылмақ. Бұл техникалардың бәрі «Тәуелсіздік» сарайының алдында көрсетілді.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Мейрамбек Ақмаханов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!