ҚазАгро фермерлерді қаржыландыруға 50 млрд теңге бөледі

16:39, 24 сәуір 2018

Алматы. 24 сәуір. 7kun.kz – 2018 жылы фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұл жөнінде бүгінгі өткен Үкімет отырысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Мәлелов Нұрлыбек мәлімдеді.

«2018 жылға арналған етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының жобасына сәйкес «ҚазАгро» холдингі осы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша орындаушылардың бірі болып есептеледі. Холдинг өз ережесі арқылы бағдарлама көздейтін бағыттар бойынша ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне, әсіресе, бағдарламаның негізі болып табылатын шағын бизнес субъектілері – фермерлік шаруашылықтарға несие беретін болады. Фермерлерді субсидиялауды ескере отырып, нәтижесінде, мөлшерлемесі 4 пайыздан бастап мерзімі 15 жылға дейінгі несиелер аналық мал басын сатып алуға, жем-шөп өндірісіне ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарды сатып алуға, мал күтіміне арналған шаруашылық құрылыс нысандарын салуға несиелер берілетін болады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық жерлерінің өнімділігін арттыру мақсатында холдинг жем-шөп өндірісіне қажетті суару жүйелерін орнатуға несие береді. 2018 жылы аталған мақсатта фермерлерді қаржыландыруға шамамен 50 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр», – деді Мәлелов.

Сонымен қатар, басқарма төрағасы холдинг етті мал шаруашылығын дамыту бағытындағы несие бағдарламаларын 2009 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқанын да атап өтті.

«Бүгінде бұл бағытта өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал өсіретін 103 репродуктор, мал бордақылаудың тиімді технологиясы бар 30 өнеркәсіптік бордақылау алаңдары, 26 ет комбинатын салу жобалары қаржыландырылды. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам фермерлік шаруашылыққа қолдау көрсетілді. Онда шамамен 300 мыңдай малды асылдандыру жұмыстары жүргізілді», – деген ҚазАгро басшысы холдинг ұсынылған бағдарлама шеңберінде бордақылау алаңдарына, ет комбинаттарына және фермерлерге қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!