Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады

21:21, 30 қыркүйек 2022

Семей. 30 қыркүйек. 7kun.kz — Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысынағы жұртшылықпен кездесуінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. Бұлардың бірі білімге қатысты. Өңірдегі білім беру мәселелерін айтқан Мемлекет басшысы ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болатынын айтты.

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп пен 14 балабақша салу жоспарланған. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұның өзі жеткіліксіз екенін айтты.

«Үкімет пен әкімдікке облыс мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесін  біржола шешуді тапсырамын. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Бұл сөзіміз нақты іспен бекітіліп жатыр. Арнайы Оқу-ағарту министрлігі құрылды. Біз бұған дейін «Педагогтардың мәртебесі туралы» Заң қабылдап, оның аясында мұғалімдердің жалақысын өсірдік. «Әліппені» қайтардық. Орта білімді дамытуға бағытталған бірқатар жағымды өзгерістер бар. Осындай игі шаралар арқылы біз қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз. Ұстаз біздің қоғамда әрдайым сыйлы тұлға болады. Семей білім беру саласында көш басында жүруі қажет. Батыстың озық университеттерінің бірі Семейде өз филиалын ашса немесе  Семейдің жоғары оқу орнымен байланыс орнатса, жақсы болар еді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымымен кездесу кезінде де ұстаздарға қатысты жылы пікірін білдірді.

«Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріп жатырсыздар. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!