Карантин тағы екі аптаға созылды

21:27, 29 шілде 2020
4092

Бүгін Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты кеңес өткізді, деп хабарлайды akorda.kz.

Отырысқа қатысқан Премьер-Министр Асқар Маминнің айтуынша 5 шілдеден бастап елімізде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендеген. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған. Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысына инфрақұрылым нысандарының эпидемиологиялық ахуалға және экономикаға әсерін ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жолдарын баяндады.

Мемлекет басшысы коронавирус індетіне шалдығушылардың және соның салдарынан болатын өлім-жітімнің көрсеткішін одан әрі төмендетудің аса маңызды екенін атап өтті.

Шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ, Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!