Қарағандыда 200-ге жуық отбасы заңсыз әлеуметтік көмек алған

17:30, 22 шілде 2019

Алматы. 22 шілде. 7kun.kz – Мемлекетті алдаған 199 тұрғынның тек 17-сі ғана өз еркімен шығынды өтеді. Қалғандары қаражатты қайтаруға асығар емес.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, облыста атаулы әлеуметтік көмекке 20 мыңнан астам адам жүгінген. Оның ішінде 9 355 отбасы АӘК мақұлдауына ие болды, бұл ақшалай баламада 2,1 млрд теңгені құрады.

Өткен жылмен салыстырғанда АӘК алушылардың саны төрт есе, ал бюджет қаражатының шығындары алты есе өсті, деп атап өтті Жүніспекова. Қарағандылықтар арасында табыстарды жасыру және жалған ажырасу жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты аймақта атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жеке істерін тексеретін жұмыс тобы құрылды.

«Өңірлерде учаскелік комиссиялардың құрамы қайта қаралды. Олардың құрамы 51%-ға жаңартылды. Сондай-ақ, Қарағанды мен Теміртау қалаларында осы жылдың 25 шілдесіне дейін қайта тексеруді жалғастыру туралы шешім қабылданды, себебі АӘК алушылардың 45%-ы осы қалаларда тұрады. Барлығы 6 544 отбасы қайта тексерілді. Аулаларды аралау нәтижесінде 199 отбасына АӘК тоқтату туралы шешім қабылданды. Заңсыз алынған қаражатты 17-сі өз еркімен өтейді. Бұл ақша жергілікті бюджетке қайтарылады. Мониторинг жүргізілгеннен кейін 41,5 млн теңгеге үнемдеу күтілуде», — деп атап өтті Жүніспекова.

Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, қолданыстағы заңнама нормаларын бұза отырып АӘК тағайындау фактілері анықталған жоқ.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!