Қаламқас кен орнындағы жағдайға байланысты жедел штаб құрылды

12:08, 24 мамыр 2019

Алматы. 24 мамыр. 7kun.kz — Бейсенбі күні қайта су мен газ төгілген Қаламқас кен орнында жедел штаб құрылды, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.

«Қазіргі таңда жедел штаб құрылып, су-газ қоспасының пайда болу аймағында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, оны оқшаулау жұмыстары жүргізіліп жатыр », — делінген хабарламада.

Атап айтқанда, баспасөз қызметінің хабарлауынша, қауіпті аймақтар анықталды, қауіпті деп табылған аймақ қоршауға алынып, апат салдарын жоюға тікелей қатысы жоқ адамдарды өткізуге тыйым салынды, грифонның айналасына топырақ (мергель) төгу жұмыстары жүргізілді.

«Ұңғыманы басқару тетіктері сақталған, атындыны болдырмау жабдықтарымен жабдықталған, дроссельдеу және тұншықтыру блоктары қондырылған және ұңғымадағы қысымды экологиялық ыдыс және технологиялық шамның көмегімен азайту арқылы грифонды жеңілдету шаралары жүргізілуде», — деді компанияда.

Сондай-ақ, радиусы 500 метр аумақта 8 су айдау ұңғымасының жұмысы тоқтатылды.

Бұдан басқа, компанияда алдағы уақытта кен орындарын бұрғылау және пайдалану кезінде қиындықтарға жол бермеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілетінін атап өтті.

Белгілі болғандай, бейсенбі күні таңертең «Қаламқас» кен орнында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на тиесілі екінші мұнай-газ өндіру цехының жанында ұңғыма сағасынан 35 м қашықтықта биіктігі 30-40 см су-газ білінуі (грифон) анықталды.

Бұл «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан орын алған Қаламқас кен орнындағы екінші өрт оқиғасы. 13 наурызда бұрғылау кезінде биіктігі 900 шаршы метр аумақта 10 м грифонның газ-су білінуінің ашық жануы орын алды. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаға келтірілген шығынды 98 млн 708 мың 650 теңгеге бағалады. Тексеру нәтижелері бойынша департамент «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мердігері «ИБК «СиБу» ЖШС-ін 2019 жылдың сәуір айынан маусым айына дейін қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша шаралар жүргізуге міндеттеді.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі «ИБК «СиБу» ЖШС-нің көмірсутегі саласындағы қызмет түрлеріне арналған лицензиясының қолданылуын тоқтатты.

Кен орнындағы апат фактісі бойынша республика ҚК 333-бабының 1-бөлігі (жер қойнауын қорғау және пайдалану ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ — Қазақстанның ірі мұнай өндіруші компанияларының бірі. Компанияда 36 мұнай және газ кен орны бар, олардың 15-і игерілуде. 1996 жылы Компания Қаламқас, Жетібай, Асар, Оңтүстік Жетібай, Шығыс Жетібай, Солтүстік Қарағие, Оймаша, Алатау, Бұрмаш, Айрантақыр, Бектұрлы, Придорожное, Солтүстік Аққар, Ащыағар, Атамбай кен орындарында көмірсутек шикізатын өндіру үшін 25 жыл мерзімге Қазақстан Үкіметінің лицензиясын алды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ акцияларының 99% -ы Mangistau Investments B.V БК («ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына және Қытайдың CNPC-ге тиесілі) бірлескен кәсіпорнына тиесілі.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!