Испанияда қайғылы оқиғадан кейін 3 күндік аза тұту жарияланды

19:07, 18 тамыз 2017

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Испанияның Барселона және Камбрильс қалаларындағы лаңкестік әрекеттен қаза тапқандар саны 14-ке жетті. 100-ден астам адам жарақат алған. Терактіге байланысты үш тәулікке аза тұту күні жарияланды.

Ницца, Берлин, Стокгольм, Лондон. Бұл жолы қайғылы жағдай Барселона мен Камбрильсте қайталанды. Туристік маусымның қызған шағында миллиондаған саяхатшы ағылатын Барселона қаласының орталығы босап қалды. Ондаған көше қоршауға алынды. Адамдардың бойын үрей мен қорқыныш сезімдері билеген. 

Куәгер:

-Жұрт арасында дүрбелең туды. Зәресі ұшқан халық расымен не істерін білмей қалды. Полицейлер бізге бірден мейрамхананы жабуға бұйрық берді. Есік-терезенің бәрін қымтап алдық. Бұл сұмдық жағдай. Не боларын білмейсің. Қатты шошынып қалдық.

Рамбла – Каталония астанасының басты көшесі. Бойында 50-ден астам қонақ үй орналасқан. Кеше кешке шағын автобусқа мінген қаскөй алаңсыз жүрген жұртты қақты. Соңғы мәліметке сай, 14 адам қаза тауып, 100-ден астамы жарақат алған. 15 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің арасында 18 елдің азаматы бар. Алдын ала ақпарат бойынша лаңкестік әрекеттен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Дегенмен анықтау жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Қайғылы оқиғадан кейін Испанияда 3 күндік аза тұту жарияланды. 

Мариано Рахой, Испанияның Премьер-министрі:

 -Қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын. Бүкіл Барселона жұртшылығымен бірге қайғырып, қабырғамыз қайысып отыр. Үкімет марқұмдардың отбасына және жапа шеккендерге қолдан келгенше көмек көрсетеді. Бұл зұлымдыққа қатысы бар қаскүнемдердің барлығы жауапқа тартылатын болады.

Қастандық әрекет үшін жауапкершілікті «Ирак және Левант лаңкестік ұйымы» мойнына алды. Көлікті тізгіндеген қаскөй іздестіріліп жатыр, 3 күдікті тұтқындалды. Оқиғадан кейін Испания полиция қызметі кең ауқымды антитеррорлық операция бастады. Бірнеше сағаттан кейін Барселонадан 120 шақырым қашықтықтағы Камбрильс қаласында шабуыл қайталанды. Лаңкестік әрекеттен 7 адам жарақат алды. Тәртіп сақшылары жедел әрекет етіп, 5 қаскүнемнің көзін жойды. 

Барселонадағы теракт – елде соңғы 13 жылда жасалған ең қанды қырғын. Каталония басшысы лаңкестікті «саяхатшыларға қарсы емес, өмір сүру стиліне қарсы жасалған қастандық», – деп бағалады. Каталондықтарға әлем елдері қолдау білдіріп, лаңкестік әрекеттен қаза болғандардың жақындарының қайғыларына ортақтасуда. Бүгін Барселона жұрты құрбандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. 

Авторы: Меруерт Жақан

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!