Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің өзара сауда-саттығы нығаяды

18:43, 11 мамыр 2017
650

Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінің өзара сауда-саттығы мардымсыз.

Құрамына 50 ел мүше болса да, алыс-беріс өткен 9 айда небәрі 10 пайызды еңсерген. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш тіпті 7 пайыз төңірегінде еді. Қазір арнайы келісім түзіліп, соның негізінде жағдайды оңалту көзделіп отыр. Құжат «Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісім» деп аталады. Келісімді бүгін сенаторлар қарады. Ұлттық Экономика министрі Тимур Сүлейменов заң жобасы Ұйымға мүше елдерден жұмыс күшін тарту кезінде жеңілдіктер беруді, сондай-ақ өзара жеңілдетілген сауда режимін ұсынуды көздейді, - деді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

-Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің бірқатары бізге көршілес орналасқан. Мысалы, солардың бірі – Өзбекстан. Бұл мемлекет қазір барлық сала бойынша серіктестікке дайын, яғни ашылып жатыр. Сондықтан аталған құжатты қабылдау елдер арасындағы сауда-экономикалық байланысты тереңдете түседі.

Сондай-ақ бүгін Жоғары палата Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынатын қарыз туралы келісімді қабылдады. Бұл құжат бойынша 80 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз алу қарастырылған. Қомақты ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын енгізуге, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жұмыстарына жұмсалмақ.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!