Facebook және онлайн жеке құпияның болашағы

09:00, 23 сәуір 2018
624

НЬЮ-ЙОРК – Facebook-тың негізін қалаушылардың бірі Крис Хьюз (Chris Hughes) қоғамның Facebook-ты қадағалау жағынан тым кеш қалғанын және «олардың бұған дейін бұл сұрақтардың көбіне жауап бермегеніне таңқалғанын» айтты. Ақпараттық технология саласының көшбасшылары, әсіресе Еуропа өкілдері көп жылдан бері Facebook-тің өз мүмкіндікерін асыра пайдаланып жатқанын айтып келген еді. Олардың идеялары мен тәжірибелік ұсыныстары қазір әсіресе өзекті болып отыр.

Facebook-тың бас директоры Марк Цукербергтің (Mark Zuckerberg) АҚШ сенатында сұрақтарға жауап беруі қолданушылардың жеке мәліметтерімен жұмыс істейтін компанияға деген сенімді көп арттыра қоймады. Сол кездесудің ең қызық тұсы – Иллинойс сенаторы Ричард Дурбиннің (Richard Durbin) Цукербергке қойған сұрағы болды. Ол Цукербергтен: «Сіз жатқан қонақүйдің аты мен осы аптада хат жазысқан адамдардың тізімі түгелдей Facebook-ке беріп, мұны ол өз қажетіне қолданса, бұл сізге ұнар ма еді?» деп сұрады. Цукерберг мұндай ақпаратты бергісі келмейтінін айтты. «Меніңше, мәселенің бәрі – осында. Сіздің жеке өмірді құпия ұстау құқығыңызда»,  – деді Дурбин.

Facebook-ты сынаушылар бұл мәселені жылдар бойы айтып келеді. Еуропаның ең беделді IT сарапшысы әрі онлайн жеке өмірді қызғыштай қорғаушылардың бірі Стефано Кинтарелли (Stefano Quintarelli) Facebook-тың нарықтағы мүмкіндігін асыра пайдаланып, онлайн жеке мәліметтерді басқа мақсатқа қолданып жатқанын айтып дабыл қағып келеді. Ол біраздан бері мынадай мықты идеяны ұсынып жүр: Түрлі порталдарға оңай ауыса беретін онлайн профилімізге өзіміз иелік етуіміз керек. Егер бізге Facebook ұнамай қалса, онда біз Facebook-та қалған контактілерімізбен байланысты үзбестен, басқа бәсекелес компанияның желісіне ауысып кете алуымыз қажет.

Кинтареллидің айтуынша, Cambridge Analytica-ның Facebook-тан алған мәліметті басқа мақсатқа пайдалануы – Facebook-тың жауапсыз бизнес-моделінің салдары. Содан кейін Facebook Cambridge Analytica-ға ғана емес, басқа ұйымдарға да өз қолданушыларының жеке мәліметтерін бергенін мойындады.

Менімен сұхбатында Кинтарелли Еуропа одағының алты жыл бойы талқылау мен дайындықтан соң, тек осы 25 мамырда күшіне енгелі отырған «Мәліметтерді қорғаудың жалпы ережелері» кей аспектілер бойынша нұсқаулық рөлін атқара алатынын айтты. Сарапшының пікірінше, бұл ереже талаптарына бағынбаған ұйымдар өз табыстарының 4 пайызына дейінгі көлемде айыппұл төлеуі тиіс. «Егер ереже күшіне енген болса, онда Facebook мұндай айыптан құтылу үшін мәліметтердің қолды болғанын ести сала, яғни АҚШ-тағы сайлаудан біраз уақыт бұрын, оны тиісті органдарға хабарлаған болар еді»,  – дейді Кинтарелли.

Оның айтуынша, «Цифрлық салада әркелкілікті арттырудың ең оңтайлы жолы – тиімді бәсеке». Мұнда да жаңа күшіне енетін ереже көмектеспек, себебі «ол профильді көшіру ұғымын ұсынады. Телефон профилімізді, яғни нөмірімізді, бір оператордан екіншісіне ауыстырғанымыз сияқты профилімізді да бір қызмет көрсетушіден екіншісіне ауыстыра алуымыз керек».

Бірақ, «әркімнің өз профиліндегі мәліметке иелік етуі жеткіліксіз екені анық», – дейді Кинтарелли. «Маңыздысы – өзара байланыс, біз профилімізді жүктейтін оператор мәліметіміз сақталған оператормен жалғанып тұруы керек, сонда біз онлайн достарымызбен байланысымызды үзбейміз. Интернетті ойлап тапқан Тим Бернер-Ли (Tim Berner-Lee) жасап шығарған IPFS және Solid технологияларының арқасында қазір мұны жүзеге асыруға болады».

Онлайн жеке өмірді қорғау туралы дабыл қағып, Facebook-тың осындай қателіктерге жол беретінін ескертіп келген сарапшылардың бірі – Вена Экономика және бизнес университетінің профессоры, Ақпараттық жүйелерді басқару институтының төрайымы Сара Шпикерманн (Sarah Spiekermann). Оның айтуынша, біздің онлайн мағлұматтарымызды таргеттелген жарнама беру, саяси үгіт-насихат, мемлекеттік және жеке бақылау және басқа да арам мақсаттарға пайдаланудың жолын кесетін жаһандық құзырлы орган «жеке мәліметтер нарығынмен» күресуі керек.

Шпикерманның айтуынша, «Дүниежүзілік экономикалық форум жеке мәліметтерді активтің жаңа түрі деп атаған 2011 жылдан бері «жеке мағлұмат цифрлық экономиканың, сонымен бірге саясаттың жаңа мұнайы» деген идея жанданып, жеке мәліметтер нарығы ұлғая бастады. Соның салдарынан «қазір цифрлық ақпаратты жинау тізбегіне мыңнан астам компания қатысып отыр, олар цифрлық әлемге мәлімет енгізілгеннен 36 секунд өтпестен ақпаратты қағып алып, онлайн не мобильді қолданушыларға таргеттелген контентті жеткізе қояды». «Біздің мәліметтерді жинап, кез келген мақсатқа пайдалануға тек Facebook, Google, Apple және Amazon ғана қатысып отырған жоқ. Acxiom немесе Oracle BlueKai басқаратын дата менеджмент платформалары жүздеген миллион қолданушының жеке ерекшеліктері мен әлеуметтік-психологиялық профильдерін жинап отыр»,  – дейді Шпикерманн.

«Жеке мәліметтер нарығына және мұндай мағлұматтарды қазіргі формада пайдалануға тыйым салу керек» деген Шпикерманн Еуроодақтың жаңа ережелері «әлемдегі компанияларды мәліметтерді бөлісудің қазіргі тәртібін қайта қарауға ынталандырады» деп санайды. Оның айтуынша, жеке өмірге ерекше құрмет көрсететін онлайн қызмет экожүйесі қалыптасып келеді. Вена экономика және бизнес университетінің магистранттары зерттеу жүргізіп, Google, Facebook, Apple тәрізді ең басты онлайн қызметтер мен олардың жеке өмірге баса мән беретін бәсекелестерінің мәліметті жинау әдістерін салыстырған.  Шпикерманның айтуынша, «әркімнің қызмет түрін бірден өзгертуге мүмкіндігі бар».

Facebook-тың ересен ықпал ету әлеуетінің кесірінен Кинтарелли, Шпикерман және басқалардың үні естілмей келді. Алайда, жақында болған дау-дамай бұл әрекетсіздіктің демократияға да үлкен қатер төндіретінін көрсетіп, халықтың көзін ашты.

Жеке мәліметтердің жаңа стандарттарын белгілеп, Facebook және басқа да онлайн жеке мәліметті саудалаушы компанияларға салықты арттырған Еуроодақ алғашқы қарекетті өзі бастады. Әлі де атқарар шаруа көп. Кинтарелли, Шпикерманн және онлайн этиканы жақтайтын басқа да белсенділер транспаретті, әділ, демократияшыл және жеке тұлғаның құқықтарын құрметтейтін Интернетке жол көрсетеді.

© Project Syndicate 1995–2018

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!