Ерболат Досаев теңге бағамы туралы айтты

12:53, 11 маусым 2019

Алматы. 11 маусым. 7kun.kz — Ұлттық валюта бағамы 5 — 10 маусым аралығында 0,3%-ға нығайды. 2019 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 383,04 теңге болды. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев ҚР Үкіметінің отырысында хабарлады.

«Қатарынан екі тоқсан ішінде ағымдағы шот профицитпен қалыптасты. Алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы І-тоқсанда сауда балансы 14,4%-ға өсіп, 7,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ал ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ доллары болды. Тауарлар экспорты 9,9%-ға немесе 14,9 млрд долларға дейін, ал тауарлар импорты 6,1%-ға немесе 7,8 млрд долларға дейін ұлғайды», — деді Е. Досаев.

Сондай-ақ, бас банкирдің айтуынша, 2019 жылғы 1 маусымда алдын ала деректер бойынша, Қазақстан Ұлттық Банкінің жалпы алтынвалюта резервтері мамыр айында 3,5%-ға немесе 948 млн АҚШ долларына ұлғайып, 28 млрд құрады.

«Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері, алдын ала мәліметтер бойынша, ағымдағы жылдың мамыр айының соңында 58,6 млрд долларды құрады, ол бір ай ішінде бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттер бөлу салдарынан 1,1%-ға төмендеді», — деп хабарлады Ұлттық банк төрағасы.

Досаевтың хабарлауынша, ел ішінде валюталық активтерді сақтау бойынша ынталандыруды қалыптастыру үшін 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлттық Банкте банктер үшін валюталық депозиттер сияқты жаңа құрал енгізіледі. Мұндай депозиттердің мерзімі 1 ай, мөлшерлемесі жылдық 0,5% болады.

Сонымен қатар, ол Қазақстан Ұлттық Банкінің экономиканы кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету шараларын қабылдап жатқанын еске салды.

«Біріншіден, ақша-кредит талаптарының біртіндеп жеңілдеуі кредиттердің қолжетімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Ағымдағы жылғы сәуірде бизнес үшін берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка өткен жылғы сәуірдегі 12,3%-бен салыстырғанда 12%-ға, оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша 11,9%-ға, ұзақ мерзімді кредиттер бойынша 13,2%-ға дейін төмендеді. Екіншіден, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған депозиттер бойынша ең жоғары ставкалар өзгерді. Халықтың теңгедегі мерзімді емес депозиттері бойынша ұсынылған ставканы 2019 жылғы 1 шілдеден бастап 10,5%-дан 9,8%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Теңгедегі мерзімді және жинақ депозиттері бойынша ставкалар салымшылар үшін тартымды болып қалуда және тиісінше 12,5%-ға және 13,5%-ға жетті», — деді Е. Досаев.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!