Еңбек министрі зейнетақы жинағын алу мүмкіндігі туралы айтты

18:40, 10 қыркүйек 2019
366

Алматы. 10 қыркүйек. 7kun.kz – Жыл соңына дейін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу тетігін әзірлейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.

Ол тиісті тапсырманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бергенін еске салды.

«Ол Үкіметке және Ұлттық банкке жыл соңына дейін тетік әзірлеуді тапсырды. Халықтың тілегі бар, сондықтан бұйрық берілді», — деді Нұрымбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда жинақтаушы зейнетақы қорында шамамен 10 млн адамға тиесілі 10 трлн теңге бар. Яғни, орта есеппен бір адамға 1 млн теңгеден келеді.

«Бұл жағдайда барлық тәуекелдерді есептеп алу керек. Себебі, зейнетақы жинағы – қартайғанда пайдаға жарайтын сома. Бүгін оның бәрін шешіп алып, ертеңге ештеңе қалдырмаған жарамайды. Әртүрлі нұсқа баршылық. Маңызды есепті жүргіземіз деген ойдамын», — деді ол.

Бірақ бүгінгі күні тұрғын үйі жоқ адамдардың жеткілікті зейнетақы жинақтары жоқ.

«Қазіргі уақытта алдымызда зейнетақы жинағын шешіп аларлықтай азаматтарда қор жеткілікті ме деген мәселе бар. «Зейнетақы жинағының жеткілікті болуы немесе болмауы» деген мәселені ескеру керек. Яғни, біздің жинаған ақшамыз қартайғанда жоқ дегенде минималды мөлшердегі зейнетақыны алып отыруға жетуі тиіс. Ол сома шамамен ер адамдарға 11 миллион теңге, әйелдерге 13 миллион теңге көлеміндегі қаражат. Егер дәл осы аталған сомадан артық ақша жинаған адамдар зейнетақының бір бөлігін шешіп алуға құқылы болса, олардың дәл қазіргі табысы жоғары деген сөз. Ал менің ойымша, бүгінгі таңда керісінше, бұл ұсыныс табысы төмен отбасылар үшін қолданылуы керек деген ойдамын», — деді министр.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!