Елімізде зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы – 407,4 млрд теңге болды

11:40, 23 шілде 2018

Алматы. 23 шілде. 7kun.kz – 2018 жылдың басынан бері 5 миллионнан астам қазақстандық азамат БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын аударды, деп хабарлайды БЖЗҚ баспасөз қызметі.

Ел экономикасы мен зейнетақы жүйесін дамытудың маңызды шарттарының бірі – жұмыс істеуші тұрғындарды зейнетақы жүйесіне барынша тарту. Жыл сайын шамамен 6 миллион адам Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударады.

2018 жылдың алғашқы жартысының қорытындысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын аударатын салымшылардың саны 5,6 миллион адамнан асты. Бұл ретте олардың төлеген міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 407,4 млрд теңге болды. Ал бұл, 2017 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 11%-ға жоғары.

2017 жылы 9,6 миллион салымшының 5,9 миллионы БЖЗҚ-ға жалпы сомасы 756,1 млрд теңгеге міндетті зейнетақы жарналарын аударды. Бұл 2016 жылғы деңгейден 8 пайызға жоғары. Ал, олардың 70 %-ы (шамамен 4,1 млн адам) зейнетақы жарналарын жылына кемінде алты рет аударатын болса, шамамен 29 %-ы жылына бес ретке дейін аударады.

Міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезеңділігі көптеген себептерге, олардың ішінде жұмысты ауыстыру, бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығу және зейнеткерлік жасқа толу секілді себептерге тәуелді. Сонымен қатар кейбір жұмыс түрлерінің маусымдылығы, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар аясындағы жұмыстарды жүзеге асыру немесе салық режимдері (патентке негізделген арнайы салық режимі немесе оңайлатылған салық декларациясы) жарналардың төлену кезеңделігіне ықпал етеді.

Атап өту керек, БЖЗҚ-дағы белсенді салымшылардың саны (міндетті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға жылына кемінде бір рет аударатындар) дамыған зейнетақы жүйесі бар кейбір елдермен салыстырғанда жоғары. Мысалы, мұндай жүйе 1951 жылы енгізілген Малайзияда белсенді салымшылардың үлес салмағы шамамен 47 пайызды құрайды.

2018 жылдың шілдесінен бастап, міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы және толыққанды төленуі азаматтардың жеке зейнетақы жинақтарының сомасын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшерінің жоғары болуына да оң әсер етеді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!