Елімізде күміс экспорты 9 пайызға азайған

21:20, 17 ақпан 2017

Жүргізуші:

-Сөйте тұра ақшалай кірісіміз 21 пайызға өскен. «Энерджипром» порталы осындай дерек жариялады. Кезек экономика айдарында. Жұрағат, кірістің артуына әлемдік нарықта күмістің қымбаттауы әсер еткені түсінікті. Ал бағаның өсуіне не себеп?

Жұрағат Баман, тілші:

-Әсер еткен факторлар көп. Солардың бірі қазір көптеген ел мұнай, көмір және газдан бас тартып, күн энергиясын пайдалануға ден қойып отыр. Ал күн батареяларын жасауда күміс қолданылады. Демек, бағалы металдың бұл түріне сұраныс артпаса, кеми қоймайды. 

2017 жылы күмістің бағасы бір унциясына 21 долларға дейін қымбаттауы мүмкін. Бұл – әлемдегі ең ірі банктердің бірі «Эйч-Эс-Би-Си» сарапшыларының жорамалы. Қазір жылына шамамен 19 мың тонна күміс өндіріледі. Ал бағалы металдың бұл түріне сұраныс ұсыныс көлемінен арта бастаған. «Тиісінше бұл күміс құнына оң әсер етеді деп топшылайды», – сарапшылар. Бүгін әлемдік нарықта оның бір унциясы 18 доллар төңірегінде бағаланды. 2015 жылы 14 долларға дейін арзандаған бағалы металл былтыр қайта қымбаттай бастады. Нәтижесінде өткен жылы қазақстандық күміс өндірушілер экспорттан 584 млн доллар табыс тапты.

2016 жылы көлік саласына бюджеттен бөлінген инвестиция 7,3 млрд теңгеге артты. Бұл ақпарды finprom.kz порталы таратты.  Деректері бойынша, былтыр осы секторға барлығы 1,2 трлн теңге құйылған. Оның 36 пайызы – мемлекет қаржысы. Есесіне мемлекет қолдауына сеніп алған көлік компаниялары өз ісіне инвестиция салуды азайтқан. Бір жылда шамамен 69 млрд теңгеге қысқартқан. Ал Елбасы Жолдауында нақты тапсырма бар. 2020 жылға қарай транзиттік тасымал 7 есе артуы тиіс. Одан түскен табыс 5,5 есе артып, жылына 4 млрд доллар кіріс кіруі керек.

Бүгін төл валютамыз рекордты жаңартты. Қазақстандық қор биржасының соңғы саудасында 1 доллар 318 теңге 40 тиынға бағаланды. Ұлттық валютамыз бұлай 2015 жылдың 15-ші желтоқсанынан бері нығайған емес. Қазір ақша айырбастау нүктелерінде доллар 319  бен 321 теңге аралығында құбылып тұр. Теңгенің нығаюына әлемдік нарықтағы мұнай бағасы оң ықпал етуде. Апта басынан бері Брент маркалы қара алтын құны тұрақтап, барреліне 55 пен 57 доллар аралығында саудалануда.  

Болашақта елімізде дәрігерлердің жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуіне рұқсат берілмек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі хабарлады. Елжан Біртановтың айтуынша, 3 жалпы тәжірибелік дәрігер бірігіп, жеке емхана ашуына мүмкіндігі бар. Оларға шамамен 2 мың адам берілмек. Кісі басына 1024 теңге төленеді. Сарапшылар: «Осының арқасында емханаларда кезек азайып, азаматтарымыз кез келген емдеу мекемелерінде тегін ем қабылдау мүмкіндігіне ие болады», –  деп санайды.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!