Елімізде канадалық компанияның су тазарту технологиясы қолданылады

11:47, 8 ақпан 2019

Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz – «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және канадалық Black Powder Solutions Inc. компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Қазақстан Республикасының коммуналдық шаруашылығын дамыту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асырады, – деп хабарлайды ИИДМ баспасөз қызметі.

Black Powder Solutions жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің құбырларында орнатылған магнитті сепараторлардың көмегімен суды тазарту технологиясын ұсынады. Сепараторлардағы арнайы сүзгілер судан қара ұнтақ бөлшектерін (тот, темір оксиді) алып тастайды. Бұл тотығу үдерісінің баяулауына және құбырлардың қызмет ету мерзімін 1,5 – 2 есе ұзартуға мүмкіндік береді. Осындай технологиялар көмірсутек шикізаты мен технологиялық сұйықтықтарды тазарту үшін тау-кен және мұнай-газ салаларында қолданылады.

Black Powder Solutions президенті Роджер Симонсон (Roger Simonson) атап өткендей, технология 18 жыл бұрын ойлап табылған, қазір 40 елде қолданылады.

«Біз өз әзірлемелеріңізді үнемі жақсартып отырамыз. Оларды Солтүстік және Оңтүстік Америка, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Африка, Таяу Шығыс, Еуропа елдерінде көптеген кәсіпорындар пайдаланады. Магнитті сүзу технологиясы экологиялық таза. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз, болашақта осында өз ұстанымымызды бекітіп, бизнесімізді кеңейтіп, көрші елдердің нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін база құрамыз деп үміттенеміз», – деді ол.

Жақын арада Black Powder Solutions магниттік сепараторлары Орал және Ақтау қалаларында ыстық және суық сумен жабдықтаудың технологиялық магистральдарында орнатылады. Бірнеше ай бойы зерттеу жүргізіледі. Пилоттық жоба оң нәтижелер берген жағдайда, жобаны басқа өңірлерде іске асыру мәселесі және Қазақстан аумағында осындай жабдықтар өндірісін оқшаулау мүмкіндігі қаралатын болады.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!