ЕАЭО-ның Кедендік кодексі 1 шілдеде күшіне енеді

19:20, 14 сәуір 2017

Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында әлі де кедергілер көп.

Бұл әсіресе тауар саудасы, еңбек нарығы мен мемлекеттік сатып алуларға қатысты. Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеу орталығының директоры берген дерекке сүйенсек, мұндай 300 тосқауыл бар.

Евгений Винокуров бүгін арнамызға скайп арқылы сұхбат беріп, «Ақ кітап» деген атаумен арнайы құжат әзірленгенін хабарлады. Бұл құжатта одақ аясында кездесетін негізгі 60 кедергі мен оларды жою жолдары жазылған. Ал кітаптың электронды нұсқасы қазір Еуразиялық экономикалық комиссиясының ресми сайтында бар. 

Евгений Винокуров, Еуразиялық даму банкі интеграциялық зерттеулер орталығының директоры:

Арнайы құжатта мәселелердің шешімдерімен қатар, соңғы жылдары кедергілерді жою жолында қандай іс тындырылып жатқаны туралы жазылған. Мұнда қай мәселе шешілмей жатқанын анық көруге болады.

Беларусь Президенті осы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне қол қойды. Былтыр желтоқсанда Санкт-Петербургте өткен арнайы жиында құжатты Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Армения басшылары бекіткен еді. Ол жиынға белгілі себептермен Александр Лукашенко қатыспаған. Маңызды құжат Кедендік одақ аясында қабылданған ескі кодексті алмастыруы тиіс. Құжат арадағы әкімшілік кедергілерді қысқартып, тауар тасымалын жеңілдету үшін әзірленді. Жоспар бойынша жаңа кодекс биыл 1 шілдеде күшіне енеді.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!