ЕАЭО нарығындағы кедергілерден отандық кәсіпкерлер $130 млн жоғалтты

20:20, 16 ақпан 2017

130 млн доллар. Қазақстандық кәсіпкерлер осындай қыруар пайдадан қағылып отыр. Әңгіме Еуразия экономикалық одағы жайлы.

Гәп біздің бизнесмендердің Ресейдің теңіз порттарын тең дәрежеде пайдалана алмауында. Мұны Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары хабарлады. 

Дана Жүнісованың айтуынша, кедергіні теріскейлік көршіміз қолдан жасап отыр. 

Әріптесіміз Зайнұр Байжігіт жалғастырады. Кезек «Экономика» айдарында. 

Зайнұр Байжігіт, тілші: 

-Еліміздің көмір экспортаушылары өнімдерін сататын жаңа нарық тапқан. Бірақ Ресей біздің кәсіпкерлерге Еуропаға шығар жолдағы қақпаны ашпай, қырсығып отыр. Қазақстан Ресей теңіз порттары арқылы жылына 4 млн тонна көмір экспортайды. Бірақ оның көлемін 11 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда экспортты көбейтуде кедергілер бар болып шықты. Еуразиялық экономикалық Одақ аясында Ресей теңіз порттарын тең дәрежеде пайдалану деген талап көп жағдайда орындалмайды екен. 

Дана Жүнісова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

-Біз көмірімізді теміржол арқылы жеткіземіз. Бірақ әрі қарай Ресей теңіз порттары жүгімізді өткізбей, ұстап қалады. Тауарымызды паромға тией алмай, бірнеше күн тұрып қаламыз. Сол үшін қосымша шығын шегеміз. Қысқасы, біз ресейлік порттарды тең дәрежеде пайдалана алмай отырмыз. Салдарынан 130 млн доллар экспорттық табыстан қағылдық. 

Бұл Еуразиялық экономикалық Одақ аясындағы жалғыз кедергі емес. Қазақстандық алкоголь өндірушілер Ресей мен Беларусь нарығына әлі кіре алар емес. 

Есесіне, біздің жақтан ішімдік саудасына қатысты ешқандай шектеу жоқ. Салдарынан елімізге сырттан келетін арақ-шарап 40 пайызға жеткен. Бұрын бұл көрсеткіш 10-12 пайыз болатын. 

Бизнесмендер: «Осылай жалғаса берсе, қазақстандық алкоголь өндірісі құрдымға кетеді», – деп қауіптенеді.

Әміржан Қалиев, «ҚазАлко» Алкоголь өнімдерін өндірушілер және сатушылар қауымдастығының президенті:

-2013 жылы Қазақстанның акциздік салығы Ресейдікінен 4 жарым есе аз болды. Біз олардың сөздерін ескере отырып, 2014 жылдан бастап күні бүгінге дейін акциздік салықты көтеріп келе жатырмыз. Бүгінгі күні біздің акциздік салық тек 30 пайыз ғана аз. Біз өз жағымыздан барлық шарттарды орындап отырмыз. Бірақ Ресей мен Беларусь өз нарығына жібермей отыр.

Мәселелерді шешу жолдары енді 10 наурызда Үкімет басшыларының деңгейінде Бішкекте қаралмақ. Мұны Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен дөңгелек үстел барысында Еуразиялық экономикалық комиссиясының алқа мүшесі Карина Минасян хабарлады. 

Бүгін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің басшысы сайланды. 

Ашық дауыс беру арқылы төрағалыққа белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев тағайындалды. Қоғамдық кеңес мүшелігіне 26 адам қабылданған. Араларында белгілі қаржыгерлер, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер мен зейнеткерлер де бар. Олар жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша азаматтардың пікірін жеткізуді көздейді.

Досым Сәтпаев, БЖЗҚ Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

-Біздер бүгіннен бастап қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Біздің мақсат – жалпыға ортақ жұмыс жасау. Біздер тек қана Зейнетақы қорына ғана емес, салымшыларға да барынша көмек қолын созатын боламыз. 

Қызылордада «Даму-Көмек» жобасы басталғалы мүмкіндігі шектеулі 150 кәсіпкерге көмек көрсетілді. 

Бағдарлама аясында кәсіп ашуға ниеттенген мүгедек жандарға демеушілер қолдау көрсетіп, қажетті құрал-жабдықтар алып берді. 

Сонымен қатар қашықтықтан оқыту арқылы бизнестің қыр-сырын да меңгеруге мүмкіндік алды. Өз ісін бастап, шаруасын ұршықша иіріп әкеткен жандар бүгінде жеке табысынан бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр. 

Зайнұр Байжігіт, тілші: 

-Төл ақшамыз тағы да нығайды. Соңғы саудада 1 доллар 319 теңге 18 тиын болды. Төл ақшамыздың құнына мұнай бағасы ықпал етуде. Брент маркалы қара алтын бүгін барреліне шамамен 56 долларға саудаланды.  

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!