Delta Bank салымшыларына өтем төлеу мерзімі ұзартылды

12:59, 21 мамыр 2019

Алматы. 21 мамыр. 7kun.kz – Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) таратылған «Delta Bank» АҚ салымшыларына өтемақы төлейтін «Банк ЦентрКредит» АҚ-мен келісім-шартты ұзартты, — деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

«Delta Bank» салымшылары 2019 жылғы 19 қарашаны дейін өтеу үшін банк-агентке жүгінуге құқылы. Бұрын мерзімі 2019 жылдың 19 мамырына дейін белгіленген.

Delta Bank салымшыларына банк-агент арқылы өтем төлеу 2018 жылдың 17 мамырынан бастап жүзеге асырылды. Салымшыларға бір жыл ішінде жалпы сомасы 73,4 млн теңге төленді. 195 салымшы өтемақы алды.

Өтем алуға өтініш білдірмеген банктің салымшылары алдындағы ҚДКБҚ міндеттемелерінің қалдығы 84,6 млн теңгені құрайды.

«Банк-агент «Delta Bank» АҚ-да орналастырылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қорының қаражаты есебінен және атынан, оның ішінде капиталдандырылған сыйақыны ескере отырып салымдар, ағымдағы шоттар және төлем карточкалары бойынша: 10 млн теңгеге дейін – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша және 5 млн теңгеге дейін – шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем төлейді», — делінген хабарламада.

ҚДКБҚ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер шоттарының барлық түрлеріне, оның ішінде салымдарға (есептелген сыйақыны қоспағанда), ағымдағы шоттардағы және төлем карталарындағы ақшаға кепілдік береді.

Кепілдік бойынша өтемақы тек қана ұлттық валютада төленеді. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні баламада есептеледі.

Еске сала кетейік, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Delta Bank» АҚ қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы шешімі 2018 жылғы 25 сәуірде күшіне енді.

«Delta Bank» АҚ Ұлттық Банк Басқармасының қаулысымен 2017 жылғы 3 қарашадан бастап банктік және өзге операцияларды жүргізуге лицензиядан айырылды.

ҚДКБҚ (Қазақстан Ұлттық банкінің еншілес ұйымы) 1999 жылы депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиторлардың мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ банк секторындағы тұрақтылықты қолдау үшін құрылды. Банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда Қор салымшыларға ол бойынша есептелген сыйақысыз депозит бойынша қалдық сомасында кепілдік берілген өтем төлейді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!