Данияр Ақышев қаржы пирамидасының белгілеріне тоқталды

15:21, 22 ақпан 2018

Алматы. 22 ақпан. 7kun.kz — ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев Алматыда өткен онлайн-конференция барысында қаржы пирамидасының белгілерін атады.

«Қаржы пирамидаларының жұмысы өте жақсы ұйымдастырылған. Олар неше түрлі қитұрқы әрекетке барады. Ұлттық банктің сайтында қаржы пирамидасының тұзағына түсіп қалмаудың арнайы жадынамасы көрсетілген»,- деді Данияр Ақышев.

Бұл жадынамаға сәйкес, қаржы пирамидаларының біріншіден, Ұлттық банктен депозит ашу туралы арнайы лицензиялары болмайды.

Екіншіден, мемлекеттік тіркеу туралы жарғысы болмайды.

Үшіншіден, ұйымның қаржылық ахуалы туралы ақпарат жоқ.

Төртіншіден, салынған қаржының сақталуы туралы кепілдік жоқ.

Бесіншіден, нарық деңгейінен тым жоғары табыс ұсынылады.

Алтыншыдан, әр тартылған клиент үшін бонус беру.

Жетіншіден, тіркелген кезде ақша төлеу.

Сегізіншіден, БАҚ арқылы жарнама тарату.

Тоғызыншыдан, үлкен шаралар өткізіп, қымбат сыйлықтар беру.

Оныншыдан, ақша айналымы, бизнес жұмысы туралы ақпарат ашық емес.

«Азаматтарға осы 10 көрсеткішті есте ұстауға кеңес береміз. Ақшаңыздың сақталуы сіздің қырағылығыңызға байланысты», – деді ол.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!