Даму мен бірлікке бет бұрған кәсіпорын

09:14, 10 желтоқсан 2021
3960

Тілге тиек болып отырған кәсіпорынның атауы – №3 ЖЭО жылу электр станциясы. Орналасқан жері – Шымкент қаласы. 1 млн-нан астам халқы бар алып шаһарға жылу мен қуат көзін үздіксіз беріп отырған бірегей кешен. Меншік иесі – «3-Энергоорталық» АҚ.

Бұл акционерлік қоғам 2018 жылдан бері ERG (Еуразиялық Топ) құрамында. «Қауіпсіздік. Жауапкершілік. Тиімділік. Даму мен Бірлік» деген құндылықтарды басшылыққа алған алып компания соңғы үш жылдан бері Жылу электр орталығын (ЖЭО) жаңғыртуға ғаламат үлес қосып келеді. 

Биыл ЖЭО қуат көзі мен жылу энергиясын өндіру көлемін еселеуге талпынып көрді. Сол жоспарға сәйкес электр қуатын 1 миллион кВт/сағ, жылуды 50 мың Гкал артық өндіруге ниетті. Ал, керісінше, газ шығынын 300 мың м3-ге азайту жоспарда тұр.

2019 жылы ERG ЖЭО-дағы техникалық жабдықтар мен материалдарды жөндеуге  1 млрд 700 млн теңге қаржы бөлді. «3-Энергоорталық» АҚ басшылығының айтуынша, жөндеу жұмыстарына бұрын-соңды мұндай бюжет мүлдем қаралмаған. Қазір 40 жылдық тарихы бар кәсіпорынның техникалық жабдықтары кезінде 30 жыл бойы жаңартылмай тұрды. Жылу электр орталығы үшін маңыздылығы жағынан әрі қымбатқа түсетін 3-қазанагрегатты және 2-турбинаны күрделі жөндеуден өткізу керек еді. Ал оған 700 млн теңге қаржы керек болды. 

Кез келген аймақ тұрғындары үшін жылу мен жарыққа қойылатын баға саясаты, яғни, тариф мәселесі қатты толғандырады. Бұл кәсіпорын кезінде тарифтерін едәуір төмендетті. Бұрын кВе/сағ. 11,13  теңге болған электр қуатының бағасы 9,89 теңге болды.  «Қуатжылуорталығы» МКК үшін жылу энергиясын өндіру тарифі 4 735,1 теңге/Гкал болса, кейін ол 4 309, 78 теңгеге арзандады. Бұдан тарифтің 9%-ға дейін төмендегенін аңғаруға болады.

Кәсіпорынның болашаққа құрған жоспарлары мен бүгінгі күнге арналған даму перспективалары да жоқ емес. ЖЭО өндіріс қуатын ұлғайту үшін өз аумағында белгіленген қуаты 450 МВт бу/газды қондырғы орнату мәселесін қарастырып жатыр. Ол үшін алдымен жобаның сметалық бағасы қажет. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу үшін арнайы келісімшарт та жасалып қойды.

Бүгінгі таңда 3-ЖЭО Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің  70%-ын, сол сияқты түрлі мекемелер мен ұйымдарды жылумен және ыстық сумен қамтып отыр. Жылу электр станциясы сонымен қатар электр қуатын өндірумен де айналысады. Өндіріп қана қоймай, оны «Қуатжылуорталығы» МКК ұдайы жеткізіп беріп отырады. Станция жылына орта есеппен 700 млн кВт/сағ. электр қуатын өндіреді. 

ERG (Еуразиялық Топ) тарапынан қолдау тауып отырған кәсіпорында инвестициялық бағдарлама тиянақты жүзеге асырылып жатыр. Сол компания басшылығының тікелей бақылауында тұрған бағдарлама бойынша станцияда көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде кәсіпорын өз қажеттіліктері үшін тұтынып отырған электр қуатын 5%-ға дейін азайта білді. Қуат көзін өндіруге арналған үлестік шығындарды 10%-ға қысқартқан кешен жылу өндіруге арналған меншікті шығындарын 2%-ға дейін үнемдей алды. 

Бұл ретте қатардағы жұмысшылар үшін де жылдар бойы қордаланып келген экологиялық әрі тазалық мәселесі шешімін тауып үлгерді. Мәселен, «3-Энергоорталық» АҚ-ның химия цехында қызметкерлердің ас бөлмесі жаңартылып, іші жаңа жиһазға толды. Санитарлық-тұрмыстық бөлмелерді жөндеу бағдарламасының игілігіне жұмысшы біткеннің барлығы қуанып жүр. Бұл бағдарлама Шымкент ЖЭО-да 2019 жылдан бері жұмыс істейді. 

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!