«Даму» қоры «жасыл» экономикаға қосқан белсенді үлесі үшін беделді халықаралық сыйлыққа ие болды

12:52, 25 сәуір 2021

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры әлемдегі «жасыл» қаржыны насихаттаған жетекші ұйымдардың бірі болып танылды. Бұл туралы VI Climate Bonds Awards халықаралық сыйлығын тапсыру рәсімінде белгілі болды.

Бұл атаққа ие болуға «Даму» қорынан басқа жиырма үш үміткердің қатарында Volkswagen, Alphabet Inc., Sustainalytics, KfW сияқты компаниялар бар.

«Жасыл нарықтың пионері» сыйлығын «Даму» Қоры 2020 жылғы 11 тамызда БҰҰДБ қолдауымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында орналастырылған «жасыл облигациялар» шығарғаны үшін алды.

«БҰҰДБ және АХҚО» «жасыл» қаржы орталығымен одан әрі ынтымақтастық ЖЭК жобаларына инвестиция салуды ынталандыруға бағытталған күш-жігерге жаңа серпін береді деп үміттенеміз», — деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.

«Біз «Даму» Қорын «жасыл облигациялар пионері» марапатын алуымен құттықтаймыз. Бұл –  капиталды төмен көміртекті технологияларға қайта бағыттауды көздейтін барлық ұйымдар мен үкіметтердің мойындауы. Сонымен қатар экологияны ластамауға кеңінен көшуде  инвестицияларды қайда бағыттау керектігі туралы нақты экономикалық мысал. Дамып келе жатқан нарығы бар елдер мен дамушы елдердің жетекші рөл атқаратын және жаһандық және өңірлік нарықтарға тереңдік пен алуан түрлілікті қосатын мұндай алғашқы және жаңашыл эмитенттері ерекше құпталады», — деді, Климаттық облигациялар бастамасы бас директоры Шон Кидни.

Сондай-ақ, ол, «2020 жылдың соңында біз 1 триллион долларлық жиынтық жасыл инвестициялар түріндегі жаһандық кезеңге жеттік. Бірақ климаттық дағдарыс пен оның өсіп келе жатқан салдары ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтудағы күш-жігерімізден асып түседі. Жаһандық қаржы мен үкіметтердің келесі мақсаты – жыл сайынғы жасыл инвестицияларды 1 триллион долларға дейін жеделдету. Енді 2020-шы жылдардағы капиталды жасыл қалпына келтіру, тұрақтылық, бейімделу және көшу бағытында түбегейлі өзгерту қажет», — деп сөзін түйіндеді Ш.Кидни.

Облигацияларды шығару есебінен тартылған қаражат «TK SOLAR» ЖШС күн электр станциясының құрылысын қаржыландыруға бағытталды.

 «Біз жаңартылатын энергия өндірісін ұлғайтуға және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жобамыздың «жасыл» облигациялар сияқты заманауи және жаңа құрал арқылы қаржыландырылғанына қуаныштымыз. Біз Түркістан облысында қуаты 1 МВт күн батареяларын саламыз», — деді «TK SOLAR» ЖШС Бас директоры Азиз Мұхтасимов. 

Айта кетейік, 2020 жылғы 11 тамызда БҰҰДБ қолдауымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында орналастырылған «Даму» Қорының «жасыл» облигацияларын сәтті дебюттік шығарылып, жергілікті нарықта құралдың жаңа түрі пайда болды. Облигациялар шығарудан түскен қаражат жаңартылатын энергетикаға инвестиция салу тәуекелдерін  азайту мақсатында екінші деңгейлі банктерде қаражатты шарттасып салу жолымен «жасыл» жобаларды жүзеге асыратын Қазақстанның шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған. 

Climate Bonds Awards (Лондон, Ұлыбритания) сыйлығы «жасыл» облигациялар, заем, сукук және климаттың өзгеруіне қарсы күреске байланысты инвестициялардағы маңызды нарықтық өзгерістерді қоса алғанда, «жасыл» және тұрақты қаржыландыру саласындағы көшбасшылықты, озық тәжірибені және инновацияны халықаралық мойындау болып табылады. Сыйлық Climate Bonds Initiative халықаралық коммерциялық емес ұйымның бастамасымен тағайындалған.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!