«Cамұрық-Қазына» қоры Түркістанға бес бірдей әлеуметтік нысанды сыйға тартты

16:32, 14 қыркүйек 2020
1257

Алдағы уақытта Түркістанға келетін туристердің қатары артып, жергілікті жұртшылықтың спортпен шұғылдануына, түрлі мәдени шараларды кең залда көруіне, оқушылардың қосымша білім алуына зор мүмкіндік жасалмақ. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өз үлесін қосып, бес әлеуметтік нысанды облыс тұрғындарының игілігіне берді. 

«Самұрық-Қазына» қоры мен Түркістан облысының әкімдігі өзара әріптестік туралы жасаған меморандум аясында бірқатар игі істер атқарылуда. Солардың бірі –Х.А.Яссауи мұражайы, 7000 орындық стадион, Оқушылар сарайы, Конгресс-хол мен «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімі ғимараты тәрізді  әлеуметтік маңызы бар бес нысанның  тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Аталмыш нысандардың іргетасы өткен жылдың қазан айында қаланған болатын. Бүгінде тиісті жұмыстар толығымен аяқталып, нысандар облыстық әкімдікке тегін тапсырылды. 

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында түркі халқының рухани көшбасшысы Қожа Ахмет Яссауи мұражайының бой көтеруі — өңірдің рухани саласындағы тың серпіліс. 

Ал сәулеті келіскен стадион облыстың спорттық әлеуетін арттыра түспек. Мұнда акробатика, бокс, ауыр атлетика, пилатес, күрес сынды спорт түрлерімен айналысып, 7 мың адам бір мезетте тартысты бәсекелердің көрермені бола алады. Халықаралық стандарттарға сай сайыстар ұйымдастырылып, футболшылардың, жеңіл атлеттердің, үстел теннисі шеберлері, садақпен оқ атушылардың оқу-жаттығу жұмыстары өткізіледі.  

Жаңа оқушылар сарайында шәкірттердің сабақтан кейін және демалыс уақытында заманауи құралдарды қолдана отырып, шығармашылықтың, технологияның түр-түрімен айналысуына мүмкіндік бар. Ал ересектер конгресс-холда көркем шығармашылық жұмыстарына бет бұра алады. Жылына 300 шараны өткізуге қауқарлы жаңа зал облыстың  event-туризмін дамытып, қосымша 100-150 мың туристі тартуға тың серпін береді.  «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімі болса, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге жағдай жасамақ. 

«Жыл басында  біз әлеуметтік маңызы бар 6 нысанның құрылысына кірістік. Олардың алғашқысы — амфитеатр осы жылдың алғашқы айларында-ақ пайдалануға берілді. Қалған бес нысанды Түркістан облысының әкімдігіне тегін беруге дайынбыз. Құрылыс жұмыстары барысында әкімдік көп көмек көрсетті», — деді Ахметжан Есімов. 

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдің өркендеуіне зор үлес қосып жатқан Қорға ризашылығын білдірді. Қос тарап әріптестік байланысты нығайту және Түркістан аймағын одан әрі дамыту мақсатында жаңа меморандумға қол қойды. 

«Еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар бес нысанның құрылысын сәтті жүзеге асырды», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар, Қор облыс аумағында газдандыру, электр энергетикасы, электронды сауда-саттық, пошта қызметтері, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік саланы дамытуға да баса назар аударылады. 

Естеріңізге сала кетейік, «Самұрық-қазына» қоры былтыр Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене қатысқан болатын. Қордың тікелей араласуымен 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, атап айтқанда 16 мектеп, 36 балабақша, 8 денсаулық сақтау мекемесі, 4 спорт нысаны, колледж, теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы мен орталық алаң қалпына келтірілді.

Источник: 7kun.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір